Лисаковта заманауи балалар технопаркі ашылмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Лисаков қаласында заманауи балалар технопаркі пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Лисаковта құрылысы басталатын технопарк цифрлы технологиялармен қамтамасыз етілетін өңірдегі тұңғыш нысан болмақ. Бұл туралы облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде Лисаков қаласының әкімі Алмат Ысмағұлов айтты.

«Технопарк робототехника саласына негізделетін болады. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйым ЛЕГО-құрастырмалармен жарақтандырылады. Осы мақсатта интерактивті құрылғылар мен ноутбуктер, 3D-принтерлер мен робототехника жабдықтарын сатып алу үшін бюджеттен 8 млн 700 мың теңге қарастырылды. Заманауи коммуникацияның оңтайлы арналары таңдалды. Бір сөзбен айтқанда технопарк робототехниканың базалық кешеніне айналады», - деді қала әкімі.

Алмат Ысмағұловтың сөзінше, қалада іске асырылып жатқан цифрландыру жобалары қосымша білім беру саласын айналып өтпейді. 

«Цифрландыру білім беру процесіндегі маңызды әрі тың қадам екені сөзсіз. Соның дәлелі ретінде Лисаков қаласындағы мектепаралық оқу-өндірістік орталығында қолға алынған «Болашақтың инженерлері» бағдарламалық жүйесін айтуға болады. Бұл бағдарлама бүгінде Лисаков техникалық колледжінде сәтті жалғасын тапты. Мұндағы кабинеттердің көбі цифрлық технологиялармен жабдықталған», - деді А.Ысмағұлов.

Білім беру саласын цифрландыру бойынша қалада іске асатын жобалардың бірі - заманауи STEM -лаборатория. Мұнда робототехниканың оқу бағдарламалары, 3D-моделдеу, түрлі бағдарламалар жасау көзделіп отыр. Жоба мемлекеттік-жеменшік әріптестік аясында қолға алынады.

Соңғы жаңалықтар