Левит Тищенконы қонаққа шақырды: Біз, қазақтар - қонақжай халықпыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Василий Левит Kazakh TV телеарнасына сұхбат берді. Ол рингке қашан оралатынын, Рио-да-Жанейро Олимпиадасында өзін жеңген ресейлік боксшы Евгений Тищенкоға көзқарасын, бүгін немен айналысып жатқанын және келешек жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ Головкин мен Канелоның алдағы реваншына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Өз сұхбатында боксшы Тищенконы өзге қарсыластармен бірдей көретінін, ешкімді бөліп жарып қарамайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол ресейлік боксшыны кездейсоқ кездесіп қалған жағдайда, оны қонаққа шақыратынын айтты.

«Біз, қазақтар - қонақжай халықпыз ғой! Әрине, оны үйге шақырамын. Бұл қалыптан тыс жағдай емес», - деді ол.

Левит Халықаралық олимпиада комитетінің Тищенко екеуінің арасындағы жекпе-жекті қайта қарайтыны туралы ресми мәлімдемесіне аса мән бермейтінін жеткізді.

«Мен бұл туралы оқыдым. Бірақ аса қатты мән бермедім. Қайта қараса - қарар, болмаса - жоқ. Қазір басымда басқа нәрселер тұр: жаңа маусым басталды. Жаңа жыл, жаңа мақсаттар қойып отырмыз, жаттығудамыз. Қазір тек осы туралы ойлаймын. Ар жағын бір Құдай көрсетер», - деді ол.

Спортшы 2018 жылдың 18 тамызы мен 2 қыркүйегі аралығында Индонезияда өтетін Азия ойындарында бой көрсетуі мүмкін. Ал негізгі мақсаты - 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысу.

Сондай-ақ ол әуесқой бокста қалу шешімі туралы айтты. «Оған еш өкінбеймін. Болары болды. Өз жолымды таңдадым. Кәсіпқойлардың қатарына қосылғым келмейді. Қиын емес пе?, деп сұрасаңыз. Кез келген мамандық қиын. Бірақ белгілі бір жағдайларға, себептерге байланысты кәсіпқой бокстағы карьераны таңдадым», - деді Левит.

Бұдан бөлек, ол Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасында 5 мамыр күні өтетін реваншқа қатысты пікірін білдірді.

«Бокста, оның үстіне, мынадай айқаста қандай да бір болжамдар жасау қиын. Нақты ештеңе айтпаймын. Бірінші жекпе-жек тамаша өтті. Маған ұнады. Менің қарапайым пікірім: жеңісті біздің боксшыға берер едім», - деді спортшы.

 

Соңғы жаңалықтар