Лебяжі ауданында жас мамандар баспаналы болды - Павлодар облысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лебяжі ауданының орталығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге келген төрт маманға жаңа баспаналардың кілттері табыс етілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz . 

Ішкі саясат бөлімінің маманы Аманжол Ереннің айтуынша, тұрғын үй бағдарламаларын одан әрі дамыту мақсатында жас отбасылар мен жас мамандарға арналған басапана салуға облыстық бюджеттен 32 млн 624 мың теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылы мамыр айында құрылыс жұмыстарын бастаған жергілікті жеке меншік мердігер нысанды қыркүйек айында тапсырған.

«Семей өңірінен келген орталық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Мәдина Айтқұлова, хирург Сағади Әсімбеков және Павлодар қаласынан «Өнер» мектебі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан Мәншүк Қадысова баспаналы болды. Сонымен қатар, төртінші үй жергілікті полиция қызметінің бастығына дайындалып отыр. Бұдан басқа, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында салынған 24 тұрғын үйдің бір бөлмелі пәтері аудандық балалар үйінің тәрбиеленушісі Юрий Сургутановқа берілді», - дейді Аманжол Ерен.

Жастарға барлық жағдай жасау үшін санитарлық торап тартылып, орталықтандырылған жылумен қамтылған. Арендалық тұрғын үй ауылдық округтің балансына өткеннен кейін төлемқұны белгіленетін болады.

Айта кетерлігі, бүгінгі күні Лебяжі ауданында 141 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 109-ы аз қамтамасыз етілген отбасылар болса, 53-і жетім балалар, 30-ы мемлекеттік қызмет және бюджет саласында жұмыс істейді және екі адам үйлері апаттық жағдайда тұрған азаматтардың санатына кіреді. 

Соңғы жаңалықтар