Латын қарпіне көшкен кезде өзге елдердің тәжірибесін ескерген жөн - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық тобы мен Философия, саясаттану және дінтану институттарының ғалымдары қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚХА ғылыми-сарапшылық тобының төрағасы Мұхтарбек Шайкемеловтің айтуынша, латын әліпбиіне үдемелі түрде көшуге болмайды.

«Біз латын әліпбиіне оңтайлы көшуді жылдамдатуымыз керек-ақ. Бір жағынан оны үдемелі етудің қажеті жоқ. Бізге дейін латын қарпіне көшкен елдердің озық тәжірибесін ескерген жөн. 2020 жылдың 1 класынан бастап кезең-кезеңімен латын әліпбиін енгізу басталғаны абзал. Бірақ бізде оған дейін әлі уақыт бар. Сол уақытта сарапшылардың көмегімен мұғалімдерді, ұстаздарды оқыту керек», - деді Шайкемелев.

Профессор Ақан Бижановтың айтуынша, латын әліпбиіне көшу тарихи шешім.

«Ең маңыздысы, латын жазуы ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай келеді. Әлем тұрғындарының 80 пайыздан астамы латын қарпін пайдаланады. Әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпінде басылады. Әліпбиді өзгерту - тарихи шешім. Бұл қоғамымыздың жан-жақты дамуына түрткі болады деп сенемін», - деді Бижанов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Парламентте қазақ тілінің латын графикасындағы әліпби жобасы ұсынылған болатын.

Соңғы жаңалықтар