Латын әліпбиіне көшуге алматылық этномәдени бірлестіктер қолдау білдірді

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қолдайды, деді ҚХА Төрағасының орынбасары Абульфас Хамедов бүгін Алматыдағы «Достық үйінде» өткен дөңгелек үстелде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ертеңнен бастап латын әліпбиімен жазып кетеміз деген сөз емес. Халыққа біз өзіміздің тарихи тамырымызға оралып жатқанымызды жеткізуіміз керек. 1940-шы жылдарға дейін латын әрпімен жаздық. Латын әліпбиімен жазатын шетелдіктер елімізге келгенде қазақ әріптерін оқуға қиналады. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіре отырып біз, әлемдік мәдениетпен араласамыз, қазақ тілін кеңінен танытамыз. Қазақстан бұдан тек ұтады. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше кітабын латын әрпіне ауыстыру барысында біраз қиындықтарға кездестік. Бірақ, іздендік, сөздердің баламасын таптық», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары Абульфас Хамедов.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары бұл бағдарлама орыс тілінен бас тарту емес екенін айтты.

«Қазақстан халықтарының Ассамблеясы қашанда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларын жүзеге асырушы болып қала береді. Біз қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді толық қолдаймыз. Бұл - өмірдің өзі тудырған қажеттілік. Елді де, ұлтты да біріктіретін пәрменді күш - тіл. Бұл орыс тілінен бас тарту деген сөз емес. Елбасы мемлекеттің дамуы үшін латын әліпбиіне көшу қажеттігін байқады және мәселені дер кезінде көтеріп отыр», - деді Абульфас Хамедов.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан халқы Алматы Ассамблеясының мүшелері «Достық үйінде» бас қосты. Шараны Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды. Жиын барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы пікірлер айтылып, филологтар мен этномәдени бірлестік өкілдері ойын ортаға салды.

Жиында «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының басшысы Князь Мирзоев қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін толық қолдайтынын жеткізді.

«Меніңше бұл үдерісті жеделдеткен жөн. Кейбіреулер бұл істі мемлекеттегі жаңалық ретінде айтады. Бірақ, мүлдем олай емес. Латынға көшу бұған дейінгі болған үрдісті қайта жаңғырту. Өйткені, қазақ тілі латын әліпбиін қолданғаны тарихи шындық. Мен қазақтың бұған дейінгі әліпбиіне қайта оралуын қолдаймын әрі бұл латын әліпбиін қолданатын мемлекеттермен ынтымақтастықты арттырады», -деді ол.

Жиынға қатысушылар латын әліпбиіне көшу көп қиындықтар туғызбайтынын, өйткені шет ел тілін үйреншілер үшін бұл әліпби көпшілікке таныс деген пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар