Латын әліпбиі тек қазақ тіліне қатысты екенін ұғуымыз керек - Дархан Мыңбай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай латын әліпбиіне өту - ұлттық кодты сақтауды шешім екенін мәлім етті. Ол бұл пікірді Астанадағы «Заманауи полиэтникалық мемлекет: ұлттық модельдер және даму стратегиялары» халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Форумға Ресей, ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінен келген сарапшылар, сонымен бірге, халықаралық қатынастар саласындағы отандық сарапшылар қатысуда.

«Мәліметтерге қарағанда,  әлемде әр түрлі тілде сөйлейтін 5 мыңнан 7 мыңға дейін ұлт, ал 190-нан аса ғана мемлекет бар. Сондықтан,көп ұлтты мемлекеттердің көбі интеграцияланудың ұлттық моделін жасауға күш салуда. Осы ретте Елбасы  өз сөзінде Шығыста да, Батыста да біздің тәжірибе жоғары бағаланатынын атап өткен болатын.

Қазақстандағы қоғамдық диалогтың тәжірибесін неғұрлым көп ел қолданса, соғұрлым бейбітшілік беки түседі. Ол тәжірибені еуразиялық кеңістіктің барлық жерінде қолдануға болады. Әлбетте, этносараразлық келісімге келу үшін қазақстандық тәжірибені енгізу жөнінде үгіт жүргізіп отырған жоқпыз», - деді Дархан Мыңбай.

Төрағаның орынбасары өз сөзінде БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар авторы Нұрсұлтан Назарбаев болып отырған қазақстандық тәжірибені жоғары бағалайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Дархан Мыңбай  Қазақстан рухани жаңғыруға бет алғанын, ал бұл бағыттың басты міндеттерінің бірі латын әліпбиіне көшу екендігін жеткізді.

«Ассемблея мемлекеттік тілдің латын графикасына өту жұмысына ерекше ат салысып келеді. Латын әліпбиіне өту «Рухани жаңғыру»бағдарламасының жүрегі деп айтсақ болады. Мемлекеттік тіл қоғамды біріктіретін басты факторлардың біріне айналуы керек. Ал латын әліпбиіне өту тілдің үйлесімді түрде өрістей түсуіне серпін береді. Бұл бағыт үш тілділікті енгізуге септігін тигізіп, жас ұрпаққа үш тілді де еркін меңгеруіне өзінің үлесін қосады», - дейді ол.

Дархан Мыңбай сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының дәл осындай маңызды жобасы шетелде де өз маңызын табатынын мәлім етті.

«Шеттегі миллиондаған қандастарымыз латын әліпбиі арқылы тарихи отанына жақындай түседі. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бұл уақыттың талабы.  Бұл бәсекеге қабілеттілікті, бейбітшілікті, ашықтық пен прагматизмді, ұлттық кодты сақтаудың шешімі. Біз латын әліпбиіне өту тек қана қазақ тіліне қатысты екенін түсінуіміз керек. Бірақ қазақ тілі бүкіл қазақстандықтарға қатысты. Ең басты мақсатымыз - бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білім мен ашықтық қасиеті тән қоғамдық сананы қалыптастыру. Бұл әлбетте аз уақыттың жұмысы емес», - дейді Дархан Мыңбай.

Соңғы жаңалықтар