Лаңкестік қылмыс бойынша берілетін жаза күшейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда лаңкестік диверсия мен осы тектес әрекеттерге жол бергендер 15-тен 20 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Не өмір бойына бас бостандығынан айрылып, өлім жазасына кесілуі де мүмкін.

Қандай жаза белгіленгеніне қарамастан мұндай қылмыс жасағандардың мүлкі міндетті түрде тәркіленеді. Қазіргі кезде Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жасаушылар Қылмыстық кодекске жоғарыдағыдай түзетулер енгізуді ұсынып отыр.

Атап айтқанда, заң жобасын дайындаушылар лаңкестік және экстремистік қылмыстар үшін тағайындалатын жазаны қатайту мақсатында Қылмыстық кодекске 16 түзету енгізді. Ең бастысы терроризм мен экстремистік әрекеттерге барғандардың бас бостандығынан айыру мерзімін (екі жылға дейін) ұзарту, сонымен қоса міндетті түрде олардың мүлкін тәркілеуді ұсынып отыр. Мысалға, Қылмыстық кодекстің қазіргі қолданыстағы 170-інші бабы (Жалданушылық) бойынша, қылмыскер мүлкін тәркілеумен қатар оларға 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Осындай қылмысты қайталап жасаған жағдайда - 7-ден 10 жылға дейінгі өмірін қамауда өткізеді.

Ал, жаңа редакцияда мынадай түзету енгізілген: алғашқы кезде 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін міндетті түрде тәркілеу және қауіпті қылмыс қайталанған жағдайда 12-ден 17 жылға дейін түрмеге жабу. Сондай-ақ, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгені үшін (Қылмыстық кодекстің 179-ыншы бабы - билікті күшпен басып алуды және ұстап тұруды насихаттау, ашық үгіттеу) бұрынғы 10-15 жылдың орнына қылмыскерлерді 12-ден 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылды. Қылмыстық кодекстің 181-інші және 182-інші баптарының жаңа редакциясында қарулы бүлік ұйымдастырғаны үшін, экстремистік топ құрып, оған жетекшілік еткені не қызметіне қатысқаны үшін тағайындалатын жазаның да мерзімін 12-ден 17 жылға дейін ұзарту қарастырылған.

Айта кетелік, XXI ғасырда халықаралық терроризм мен экстремизмнің белең алуына орай көптеген мемлекеттер ұлттық заңнамасын күшейтуге кірісті. Мысалы, 2016 жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасына терроризмге қарсы іс-қимылдарды күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша іс-шаралар белгілейтін екі заң жобасы енгізілді. Ондағы түзетулер лаңкестік қылмысқа қатысты заңнаманы қатайтып, қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыруға және Ресей азаматтығынан шығаруды көздейді. Ресейлік депутаттар лаңкестік қылмысы үшін 14 жастан (адам өлтіру және адам ұрлау баптарына ұқсас) бастап қылмыстық жауапқа тартуды ұсынып отыр.

Түзетудің авторлары лаңкестікті қаржыландырғаны үшін берілетін жазаны 10-нан 15 жылға дейін ұзартуды, адамдарды кепілдікке алуға болысқаны және заңсыз әскери құрылымды құруға жымысқылықпен дем бергені үшін 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын (Ресей Федерацисының Қылмыстық кодексінің 206-ыншы және 208-інші баптары) белгілеуді ұсынды. Терроризмге ашық үгіт жүргізгендер 100 мың рубльден 500 мың рубльге дейін айыппұл төлейді. Алайда, мұндай қылмыстар БАҚ немесе ғаламтор арқылы жасалған жағдайда қылмыскерлер 5-тен 7 жылға дейін түрмеге қамалады.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексін лаңкестікке қатысты төмендегідей жаңа қылмыстық құрамдармен толықтыру ұсынылып отыр: «террорлық сипаттағы қылмыс туралы хабарламау» (200 мыңнан 500 мың рубльге дейін айыппұл төленеді); «экстремистік қызметке көмектесу» (мұны экстремистік қызметке бейімдеу, тарту де түсіну керек - 500 мың рубль айыппұл салумен қоса 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады); «халықаралық терроризм әрекетін жасау» (РФ-ның ҚК-нің 361-інші бабы, бұл жерде Ресей Федерациясы азаматтарының өміріне, денсаулығына, бостандығына және қол сұғылмаушылығына қауіп төндіретіндей Ресейдің аумағынан тыс жерлерде жарылыс, өртеу және т.б, іс-қимылдар жасау туралы сөз болған) - мұндай қылмыс жасағандар 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылады немесе өмір бойына түрмеге жабылады.

Террористік қылмыстарға қатысқаны үшін азаматтықтан айыру тәжірибесі көптеген елдерде бар. Мәселен, 2015 жылдың қарашасында Парижде болған терактілерден кейін Францияның Ұлттық жиналысы 2016 жылдың наурызында конституциялық реформалардың жобасын қарастыру барысында террорлық қызметке қатысы бар тұлғаларды азаматтықтан айыру мәселесін талқылады.

Швейцарияның Ұлттық Кеңесі Швейцарияда және одан тыс жерлерде лаңкестік қызметпен айналысқан және ұрыстарға қатысқан екі төлқұжаты бар адамдарды азаматтықтан айыруды жақтады. 1992 жылы 2-інші шілдеде қабылданған «Өзбекстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 21-інші бабы бойынша, шетелдің мүддесіне қызмет етіп, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне айтарлықтай залал келтірген немесе елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы қылмыс (олардың қатарына терроризм де жатады) жасаған адамдар Өзбекстан азаматтығынан айрылады.

Ресейлік депутаттар «Азаматтық туралы» заңды азаматтықтан айыратын баппен толықтырғысы келеді. Олар жалған құжаттар ұсыну немесе мәліметтер берумен қатар (бұл факті сотта анықталады) бір ғана террорлық сипаттағы қылмысы үшін сотталған адамды азаматтықтан айыру мәселесін талқылауда. Егер ол адам басқа елдің азаматтығын алмаған немесе ала алмайтын жағдайда мұндай бап қолданылмайды. Неміс депутаттары лаңкестікпен күрес туралы декларацияның жобасына жасы 14-ке толғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі туралы; теракті орын алған кезде қарулы күштердің ел ішіндегі операцияларға қатысуына тыйым салу сияқты ұсыныстарын енгізді.

Соңғы жаңалықтар