Лаңкестерді өлтірген ақтөбелік «Жыл полицейі» атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол-патрульдік қызмет полицейі Аслан Есентаев «Жыл полицейі» номинациясында республикалық байқаудың жеңімпазы атанды, деп хабарлады mgorod.kz. Байқау жеңімпазы Ақтөбеде маусымда орын алған қанды оқиғаға қатысушы.

Сол бір жексенбіде ол постта болған, жанындағы қызметкермен бірге атыс болып жатқан жерге баруға бұйрық алады. «Сол күні нарядта едім. Полиция бөлімінің Елек аумағында қызметте болдық. Түскі ас уақытында «Паллада» қару дүкенін басып алды, қарулы шабуыл жасалды деген хабарлама түсті.  Біз рота командирі Балғалиев экипажының құрамында «Паллада» жаққа бет алдық. Сол кезде Краснощеков көшесінің қиылысынан біздің екінші экипаж шықты.

Олар «Пантера» дүкенінің жанында атыс болып жатқанын айтты. Біз жаққа қарай оқ атылып жатты. Сол жерде бір қарулы адамды ұстадық. Экипаж құрамындағы серіктестерім Жақсыбаев пен Қалмағамбетов жараланды», - деп есіне алды Есентаев. Аға сержанттың айтуынша, атыс барысында ол бір экстремисті жаралаған. Сол күні Есентаев тағы бір арнайы операцияға қатысқан.

Қарулы қылмыскерлер Кірпіш көпір маңында блокпостқа шабуыл жасады. Сол жерге барып, жол жиегіне тоқтап, көлікті қойсам, маған қарсы қарулы адам келе жатыр. Басшылық бізге  қорғану үшін оқ атып, жарақаттауға болатынын айтқан. Маған атуға тура келді», - деді Есентаев.

Осылайша жол-көлік қызметкері тағы бір қылмыскердің көзін жойды. Полицей сол күні өз өмірі үшін мүлдем қорықпағанын, борышын өтегенін айтты. Лаңкестік оқиғадан кейін Асланды облыстық әкімдік шақырды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев оған грамота, сыйақы тапсырды. Осы аптада Есентаев Алматыда өткен республикалық «Жыл адамы» байқауының жеңімпазы атанды. Бүгін оны Зауыт бөлімінің жеке құрамы құттықтады. Үйленген, 4 жасар баласын тәрбиелеп отыр.

Соңғы жаңалықтар