Ла Скала театрының Астанадағы гастрольдері аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада атақты Ла Скала театрының гастрольдері аяқталды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Миландық труппаның 6 өнер кешінде аншлаг болды, яғни 7 500 көрермен театр өнеріне тәнті болды. «Астана Операда» өткен Ла Скаланың гастрольдік спектакльдеріне алыс-жақын шетелден қонақтар келді. Швейцария, Сингапур, Латвия, АҚШ және басқа елдерден онлайн билеттер сатылып алынды.

Еске салар болсақ, «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында әлемдегі ең танымал опера театрының оркестрі, хоры мен солистері Дж. Вердидің «Фальстаф» операсын төрт рет көрсетіп, Бетховеннің №9 симфониясын екі мәрте шырқады. Музыкалық сыншылар Ла Скаланың қазақстандық гастрольдеріне жоғары баға беруде.

Соңғы өнер көрсету алдында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сахна төрінен миландық театр труппасына, қазіргі заманның атақты маэстросы Зубин Метаға шексіз алғысын білдіріп, музыка сүйер қауымға шынайы өнермен қауышу қуанышын сыйлағаны үшін рахметін айтты. «Екі елдің мәдениетін гүлдендіруге бағытталған шығармашылық байланысымыз жалғасын табады деп үміттенеміз, себебі музыка тілі әмбебап - халқымызды біріктіретін достық көпірі іспеттес. Маэстро Зубин Метаға, директор Александр Перейраға және Ла Скала театрының барлық ұжымына денсаулық, шығармашылық табыс және амандық тілейміз», - деп мәлім етті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осы бір жарым апта бір күндей зымырап өте шықты. Аты аңызға айналған Ла Скала театры ұжымының өнер көрсетулері Қазақстанның астанасына барша әлемдік музыкалық қауымдастықтың назарын аудартты. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік БАҚ арасында үлкен резонанс тудырды.

Әйгілі театрдың Қазақстанға келуі бойынша шығындарды Eni мұнай-газ компаниясы мен театрдың әлеуметтік серіктесі - «Samruk-KazynaTrust» қоры өз мойнына алды.

 

Соңғы жаңалықтар