«Ла Скала» елорда жұртшылығына Джузеппе Вердидің «Фальстав» операсын ұсынбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі «Ла Скала» театры қыркүйек айында елордаға  толық құрамда гострольдік сапармен келеді. Бұл жайында бүгін Ақордада еліміздің Мемлекеттік хатшысымен кездесуі алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аталған театрдың бас директоры әрі көркемдік жетекшісі Александр Перейра айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жолы біз үлкен құраммен келеміз. Оның қатарында оркестр, музыканттар, әншілер, дирижерлермен қатар сахна әрлеушілері де болады. Бұл біз үшін өте маңызды жобалардың бірі болмақ. Себебі, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ла Скала» театрында екі рет болды. Біз Ла Скала мен Астана театрының ынтымақтастығын талқылау мүмкіндігіне ие болдық. Сондықтан да ағымдағы жылы екі мемлекеттен шақырту болғанына қарамастан «Ла Скала» Қазақстанға келу туралы шешім қабылдады. Өйткен Астана жаңа мәдени орталыққа айналып отыр», - деді ол.

Александр Перейраның атап өтуінше, елордада өтетін мәдени бағдарлама аясында танымал италиялық ұжым «Астана Опера» театрының сахнасында Джузеппе Вердидің «Фальстав» операсын ұсынып, қазіргі заманның көрнекті маэстросы Зубин Метаның жетекшілігімен Людвиг ван Бетховеннің №9 симфониясын орындайды. 

«Бұл Джузеппе Вердидің ең сүйікті шығармасы. Ал Бетховен симфониясының ең басты мәні халықтарды біріктіру болып саналады. Оның өзегінде біздің барлығымыз да бір-бірімізге бауырмыз деген ой жатыр», - деді «Ла Скала» театрының директоры.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының бас директоры және көркемдік жетекшісі Александр Перейрамен кездесуі барысында тараптар опера және балет өнері саласындағы ынтымақтастықты дамыту, «Ла Скала» театрының Қазақстандағы гастролін және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Италиядағы өнер сапарларын өткізу тәжірибесін кеңейту жайын талқылаған болатын . 

Соңғы жаңалықтар