Қызылордалықтар бір апта бойы денсаулықтарын нығайтпақ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА.ҚазАқпарат - «Денсаулық» фестивалі елімізде 20 жылдан бері аталып өтілуде. Салауатты өмір салтын насихаттау шарасы биыл 9 қыркүйекке белгіленді. Ал Қызылорда облысында фестиваль аясында апталық ұйымдастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жастар денсаулық орталығының бас дәрігері Жанар Қалмақова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апталық аясында 4-9 қыркүйек күндері емханаларда «Ашық есік» күні өтеді. Сондай-ақ, фестиваль барысында көпшілік түрлі спорттық сайыстарға қатыса алады. Қазір оқу орындары мен мектептерде «Денсаулық» сабағы өтуде.

«Биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар да фестивальге қатыстырылды. Олардың арасында шығармашылық байқаулар өткізілуде. 7 қыркүйекте сайыс жеңімпаздарын анықтаймыз», - деді Жанар Қалмақова.

Айта кетейік, 9 қыркүйек күні республика бойынша бір мезгілде «Денсаулыққа 10 мың қадам» шарасы өтеді. Қызылорда облысында марафоншылар «Достық үйі» алдынан Орталық алаңға дейін жүгіреді. Орталық алаңда тұрғындарға арнап 3 шатыр орналастырылады. Онда денсаулыққа пайдалы тағамдар, жеміс-жидектер, дәрі-дәрмектер мен пайдалы өнімдердің жәрмеңкесі өтеді. Жастардың заманауи билерінің концерті болады. Балалар үшін ойын алаңдары жұмыс жасайды.  

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов:  «Спорт пен денсаулықты бөліп қарауға болмайды. Адамзат үшін екеуінің де құндылығы жоғары. Сондықтан, облыс тұрғындарын фестивальге қатысуға шақырамыз», - деп атап өтті.

Фестиваль жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

 

Соңғы жаңалықтар