Қызылордалық оқушылардың 95 пайызы жазғы лагерьлерде демалады

None
None
   ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы  бойынша мектеп бітіргелі отырған 6200 түлектің 4194-і ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Оның 419-ы «Алтын белгіге» және 217-і үздік аттестатқа үміткер.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

    Биылғы жылы мектеп бітірушілер үшін бітіру емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған жаңа форматтағы ҰБТ сынағы бөлек өткізілмекы. Барлық мектеп бітірушілер орта білім туралы аттестат алу үшін мектеп базасында қорытынды аттестаттаудан өтіп, жоғары оқу орындарында білім алуға ниеттілер  Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады.

    - Облыс бойынша 29 мамыр мен 10 маусым аралығында 11 сыныптар үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау сынағы ұйымдастырылады. 12 маусымда мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру салтанаты өтеді. 20 маусым мен 1 шілде аралығында жоғары оқу орындарында оқуды жоспарлаған, мемлекеттік гранттан  үмітті мектеп бітіруші талапкерлер ҰБТ сынағынан өтеді.  Аймақта ҰБТ кезінде 9 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Қазіргі таңда барлық пункт қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.

    Сондай-ақ жиын барысында Бағдат Бердәулетов оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы дайындық жұмыстарын баян етті. Оның айтуынша, облыстағы барлық оқушылардың 95 пайызы жазғы тынығу орындарымен қамтылады. Оларға демалыс қала сыртындағы және облыстық саябақтарда орналасқан лагерьлерде, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде, тарихи орындарға, ЭКСПО халықаралық көрмесіне саяхат жасау түрінде ұйымдастырылады.

    - Облыста жалпы 9 жазғы тынығу лагері бар, оның 6-ы жыл бойына жұмыс жасап келеді.  Жазғы маусымда аталған лагерьлерде 8740 бала демалу-сауықтырумен қамтылып отыр.  Оның ішінде 4146 бала жалпыға міндетті оқу қоры есебінен демалмақ.  Бұл мақсатта бюджетте 70 млн теңге бөлінген. Қалған балалар демеушілер есебінен тынығады. Сонымен қатар, облыстан тыс аймақтарда орналасқан лагерьлерде мұнай компаниялары мен басқа да кәсіпорындардың қолдауымен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққан 13210 баланың демалуына жағдай жасалып отыр, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар