Қызылордалық кәсіпкер көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтер сыйлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жан жылуы» бағдарламасының Қазақ радиосының тікелей әуе толқынына шыққанына үш ай болды. Осы уақыт аралығында шығармашылық ұжым 30-дан астам адамның мұң-мұқтажын халыққа жеткізді. Олардың әрқайсысына қолында бар қаражатын салып, жылы сөзімен де демеу болатын тұрақты тыңдармандарын қалыптастырды.    

Осыдан бір ай бұрын «Жан жылуының» кезекті хабарына Қызылорда қаласынан көп балалы ана хабарласты. Үш ұлы мүгедек. Оларға кезекті ем алу үшін мемлекеттік квота бөлінген. Алайда отағасының қара жұмыстан табатын табысы балаларының ішіп-жемінен артылмайды. Жеті перзентті өмірге әкелген Назерке Қадырова қаржының тапшылығынан балаларды алматылық ауруханаға жеткізе алмай отырғанын айтады. Сонымен бірге жол апатына түскен ағасы да қоларбаға таңылып, барлығы 10 адам бір бөлмелі пәтерде күн кешіп жатыр.

Осы ақпаратты естіген Қызылорда қаласындағы «СМП-Қызылорда» ЖШС-нің директоры Темірхан Мәлікұлы Әлімқұлов көп балалы ананы іздеп тапты. Барлық жағдайына көз жеткізіп, өзі басқаратын құрылыс компаниясы соққан жаңа үйден үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Пәтердің өзіндік құны 10 400 000 теңгені құрайды. Бұл жомарттығын кәсіпкер ерлік деп есептемейді.

null

«Қазақтың санын көбейтіп, аурушаң балаларын айықтыру үшін шырылдап жүрген осындай аналарға жәрдем беру керек. Бір таңғалғаным, отағасы жол апатына түсіп, қолынан зақым алса да қара жұмысқа жегіліп жүр екен. Ауырдым деп жатып алмай, балалары үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматқа қолдау білдіргім келді», - дейді Темірхан Мәлікұлы.

Пәтер кілті Назерке Қадыроваға кеше табыс етілді. Кең сарайдай үш бөлмеге кірген балалардың қуанышында шек жоқ. Сабақ оқитын орынын, жатар жерін бөлісіп үлгерді. Енді олар мектепке алыстан қатынамайды. Себебі, мектеп те, мешіт те, медициналық мекемелер де жаңа қоныстың жанында.

 

Соңғы жаңалықтар