Қызылордалық Әсел Серікбай шахматтан Әлем чемпионы атанды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Румынияның Яссы қаласында шахматтан оқушылар арасында өткен Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткендей, 15 жасқа дейін қыздар арасында өнер көрсеткен Әсел Серікбай әлем чемпионы атанып, еліміздің абыройын асқақтатты. Ол швейцарлық жүйе бойынша өткен 9 турдан 8,5 ұпай жинады.

Сондай-ақ, 13 жасқа дейінгі қыздар арасында сынға түскен Назерке Нұрғали 9 турдан 7,5 ұпай жинап, Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Айта кетейік, дүбірлі додаға елімізден 33 спортшы қатысып, оның ішінде тек қызылордалық қос шахматшы ғана  жүлделі орындарды иеленді.

Жалпы Әлем чемпионатына 45 мемлекеттен 670 спортшы шеберлік байқасты.

Қос спортшымыз енді қыркүйек, қазан айларында Уругвай және Италияда өтетін Әлем чемпионаттарына дайындалады. 

Соңғы жаңалықтар