Қызылордалық әртістер Батырхан Шүкеновтің әнін ұлттық аспаптармен орындады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген Қызылорда облысының мәдени күндері аса көрнекті «Сырдария - Жырдария» концертімен аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Амфитеатрда концерт астаналықтар мен қазақстандықтардың ғана емес, шетелден келген меймандардың да зор ықыласына ие болды. Ал жүргізушілер концертті қазақ және орыс тілімен қатар, ағылшын тілінде де өткізді.

Қызылордалық өнерпаздар жан-жақты концерттік бағдарлама әзірлеп келген. Шара барысында қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, опера айтылды. Ұлттық бимен қатар бишілер балетті де биледі. «Томирис» ансамблі «Сақ арулары» атты спектакльді-би өнерін паш етті.

Көрермендердің әсіресе вокалды-аспапты «Сыр самалы» ансамблінің өнері есте қалары сөзсіз. Талантты әртістер Батырхан Шүкеновтің танымал «Отан ана» әнін, «Пират теңізінің қарақшылары» фильмінің саундрегі мен «Битлз» тобының «Yesterday» әнін ұлттық дәстүрлі аспаптармен орындап берді. Көңілді кешті қазақстандық эстраданың Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов пен Мадина Сәдуақасова сынды жұлдыздары сәтті аяқтады.



Еске сала кетсек, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында 10-14 тамыз аралығында Астанада Қызылорда облысының Мәдени күндері болып өтті. Шара аясында тарихи-аймақтық көрме мен ұлтық спорт түрлерінен сайыстар, спектакльдер мен концерттер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, елордада қызылордалықтардың жәрмеңкесі болып өтті. М.Горкий атындағы орыс драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі қойылып, «Қазанат» атшабарында аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.




















Соңғы жаңалықтар