Қызылордадағы жемқорлыққа қарсы марафон: Эстафета Қазалы ауданына берілді

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында «Адал жол - честный путь» ұранымен жемқорлыққа қарсы марафон өтті. Сондай-ақ, марафон эстафетасы көршілес Қазалы ауданына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңнаманың қабылданғанына 20 жыл толуына орайластырылып отыр. Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің айтуынша, марафонның басты мақсаты - мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, оның кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту. Осыған байланысты «Адал жол - честный путь» ұранымен адалдықты ту еткен 20 автокөліктің көші Арал ауданында болған еді. Енді аталған марафон көршілес Қазалы ауданында жалғасады.

«Шараға мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысып отыр. Марафон аясында өңірде екі күннен бері қоғамдық-саяси маңызы бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аралдықтар республикалық акцияға өз үлестерін қосты. Мінекей, аталған эстафета туын Қазалы ауданына ұсынғалы тұрмыз», - деген әкім орынбасары адалдықтың ақ туын Қазалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрғиса Жалғасбаевқа табыс етті.

Орталық алаңда ұйымдастырылған шарада мектеп оқушылары «Жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын - адал ұрпақ адалдықтың бастауы» деп ұрандатып, белсенді жастар флешмоб өткізді.

Соңғы жаңалықтар