Қызылордадағы 22 жатақхананың 18-і күрделі жөндеуді қажет етеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласы Титов кентіндегі апатты оқиғадан кейін облыс орталығындағы жатақханалар жағдайы толық тексеруден өткізілді. Осы бағытта жұмыс жасаған комиссия өз қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен 2018 жылдың 2 наурызында қала және аудандардағы жатақханалардың техникалық жағдайын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.

«Қаладағы жатақханалардың техникалық жағдайын аккредитациядан өткен 4 мекеме және мемлекеттік органдардың басшыларынан құрылған комиссия тексерді. Тексеру барысында 22 жатақхананың 3-нің жағдайы жақсы, 18 күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Ал, Титов қыстағындағы №32 жатақхана апатты деп танылды. Қала әкімдігі мен жұмыс комиссиясы бірлесіп аталған жатақханаға қатысты тиісті жұмыстар атқарып жатыр», - деді Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев.

Комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес 18 жатақханаға қатысты шығарылған шешім Қызылорда қаласы әкімдігіне жолданды.

Сонымен қатар, комиссия аудандардағы жатақханаларды да тексеруден өткізді. Мәселен, Қазалы ауданында 4 жатақхана бар, олардың жағдайы жақсы. Ал Қармақшы ауданындағы 1976 жылы салынған 150 орындық жатақхана 2015 жылдың наурыз айында апатты деп танылған. Қазіргі кезде бұл ғимарат бос тұр.

Жалағаш ауданындағы 50 орындық индустриалды-аграрлық колледж жатақханасының жағдайы жақсы деп танылған. Шиелі ауданындағы 240 орындық индустриалды-аграрлық колледжге 2017 жылы күрделі жөндеу жүргізілген, қазіргі кезде оның жағдайы жақсы ден саналса, Жаңақорғандағы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасы да қалыпты жағдайда екен.

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ

  

Соңғы жаңалықтар