Қызылордада «Жұлдызды 30 күн» шарасы өтуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 80 жылдық мерейтойға орай арнайы «Жұлдызды 30 күн» тақырыбында қоғамдық-мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шара аясында қарашаның 1-30 аралығында «Спорт», «Рухани жаңғыру», «Ардагерлер - ардақты жандар», «Ақпараттық технологиялар және инновациялық жобалар», «Ғылым және мәдениет» күндері бойынша шаралар ұйымдастырып, республикалық және жергілікті БАҚ беттерінде жарияланды.

Іргелі білім ордасы ретінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бакалавриаттың 60 мамандығы, магистратураның 29 мамандығы бойынша мамандар даярлауды жүзеге асырып келеді. 2012-2013 оқу жылынан бастап докторантураның 9 мамандығы бойынша PhD докторларын дайындау қолға алынды.

Қазіргі уақытта университет ұжымы өз жұмысында Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы тұжырымдамасын, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және университеттің  2017-2021 жылдарға арналған  стратегиялық даму жоспарын басшылыққа алып отыр.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен білім және ғылым саласында ынтымақтастық туралы 70-тен аса келісімшарттар мен меморандумдар негізінде жұмыс жүргізілуде.

Білім алушылардың академиялық икемділігін қамтамасыз ету - басым бағыттарымыздың бірі. Атап айтсақ, 2016-2017 оқу жылында Ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен әріптес шетелдік (АҚШ, Австрия, Түркия, Польша, Корея) және еліміздің ұлттық университеттерінде 33 білім алушы оқып келді.  «Физика», «Аударма ісі»,  «Хореография», «Музыкалық білім» мамандықтары бойынша  Қытай және  Өзбекстан азаматтары  білім алуда. Аталған елдерден келген ұлты қазақ азаматтарға арналып  2014-2015 оқу жылында дайындық бөлімі ашылды.

2012-2013 оқу жылында 3 мамандықта үштілді білім беру бағдарламасымен оқыту басталса, 2016-2017 оқу жылында 16 мамандық  үштілді білім беру бағдарламасына көшті. 2013 жылдан бастап облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шешімімен жыл сайын аймақтың білім, мұнай-газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы салаларын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында университет студенттері үшін Қызылорда облысы әкімінің білім гранттары бөлінуде.

2016-2017 оқу жылында 21 мамандық бойынша Қызылорда облысы әкімі гранты негізінде 132 білім алушы 1 курсқа қабылданды. Қазіргі таңда облыс әкімі гранты есебінен 36 мамандық бойынша барлығы 428 студент білім алуда. 400-ден астам білім алушы мемлекеттік білім тапсырысы негізінде оқуда.

Естеріңізге сала кетейік, мерейтой аясында алдағы уақытта  «Халықаралық байланыс», «Түлектер», «Руханият», «Көшбасылар», «Білім күндері» аясында да мерекелік іс-шаралар жалғасын табады. 

Соңғы жаңалықтар