Қызылордада жергілікті кәсіпкерлердің құны 78,7 млн теңге болатын 29 жобасы қаржыландырылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Кәсіпкерлер палатасының филиалы жаңа бағдарлама бойынша 107 азаматты оқытты. Қазіргі таңда, осы азаматтардың жалпы құны 78,7 млн. теңгені құрайтын 29 жобасы қаржыландырылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

«Ауыл азаматтарының басым бөлігі несиені мал шаруашылығына алуда. Нақтырақ айтқанда олар қаржыны малды бордақылау, мал басын көбейту, сүт, ет өнімдерін шығару сияқты шараларға салуда»,- дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиалының директоры Абзал Шоқпаров.

Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудың ұзақтығы 1 ай.

Аудан тұрғыны Қайырбек Әбен осы жоба аясында білім алып, бизнес жоспарын жасап, қорғаған және ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 3,5 млн.теңге несие алды. Алынған қаражатқа Қайырбек өзінің Бизнес жоспарына сәйкес «Маржан» жарнама агенттігін ашып, оған қажетті құрал-жабдықтарын алды. Жас кәсіпкер бүгінде жұмысын бастап та кетті. Шағын екі бөлмені жалдап, тапсырыстар қабылдауда.

«Бастау Бизнес» жобасы маған өз мақсатыма жетуге мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында бір ай біліктілігімді жетілдірдім. Бизнес-жоспарымды құрып, оны комиссия алдында қорғап, бүгінде қармақшылықтарға қызмет көрсетудемін», - дейді жас кәсіпкер Қайырбек Әбен.

Ашылғанына екі-ақ апта болған жарнама орталығы алғашқы тапсырыстарын қабылдап та үлгерді. Полиргафиялық қызметтің бірнеше түрін орындайтын орталыққа келген тапсырыс берушілер өз ризашылықтарын білдіруде.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсібін бастаған жас кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Ол келешекте кеңсесін кеңейтіп, полиграфиялық қызмет түрлерін көбейтуді ойластыруда.

Соңғы жаңалықтар