Қызылордада заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылар тыйылмай тұр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз ісін жүргізетін тұрғындарға түсіндірме шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда қалалық ішкі саясат бөліміне сілтеме жасап.

Бұл шара «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, ел экономикасына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарына» сәйкес қолға алынған.

Осыған орай қала әкімінің 2018 жылдың 23 қаңтардағы №724 шешіммен комиссия және жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда құзырлы органдар мен жұмысшы топқа, кент және ауылдық округ әкімдеріне шағын және орта бизнес субъектілерін нақтылау үшін тапсырмалар берілуде. Міндетті зейнетақы жарналарынсыз жұмыс істейтіндер мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз бетінше кәсіпкерлік қызметімен айналысатындарды, өзін өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру үшін апта сайын рейд өткізілуде.

Қазіргі таңда қала бойынша жұмыс тобымен дәмхана, сұлулық салоны, көлік жөндеу орталықтарында және өзге де жұмыс орындарының иелеріне түсіндіру шаралары жүргізілді. Оларға жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, жұмыскерлердің міндетті зейнетақы жарнасын аудару қажеттігі жөнінде кеңестер берілді.

Атап айтқанда, 144 жеке кәсіпкер мен 653 мекенжайда аулаішілік аралау жұмыстары жүргізілді. Шара барысында жұмыс берушілер тарапынан 36 азаматпен еңбек шартты жасалмағаны анықталды. Осының нәтижесінде 26 азаматқа кәсібін заңдастыру жөнінде хабарлама таратылып, 258 азаматтың тұрғылықты мекенжайын анықтауға көші-қон полициясына хат жолданды.

Әділет Қаңтарбаев

Соңғы жаңалықтар