Қызылордада VIP нөмір сатудан мемлекет қазынасына 61 млн. теңге қаржы түскен

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Жолдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың 10 қадамы» жобасымен Сыр еліне келген сапары барысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерімен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша ХҚКО департаментінің мамандандырылған бөліміне барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Ол соңғы жылдары Қызылорда облыстық филиалында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қызмет көрсету бағытының қолайлы жүйеге қойылғандығын атап айтты. Әсіресе қызылордалықтар автокөлікке мемлекеттік нөмір алуда аса белсенділік танытып отыр, соның нәтижесінде соңғы бір жарым жылдың ішінде VIP нөмерді сатудан мемлекет қазынасына 61 миллион теңгеден астам қаржы түскен.  

«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  «Жолдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың 10 қадамы» жобасы аясында құрылған мониторингтік топ еліміздің әр аймақтарына жол тартты. Мақсат мекемеде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жергілікті халықпен жүздесу», - деді М.Әбенов.

Бүгінде азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамытуға үлкен көңіл бөлініп, бұл бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып отырғаны белгілі.

Осыған орай, 2015 жылғы  20 наурыздан бастап жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеу мемлекеттік қызметтерін оңтайландыру үшін мамандандырылған  Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша ХҚКО департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл салада да оң өзгерістер бар. Барлық дерекқор базалары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру, сондай-ақ жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеуді  біріктіру нәтижесінде осы қызметтерді көрсету орташа есеппен 1 сағатқа дейін қысқартылды.

Мамандандырылған  ХҚКО  ашылғалы  бері  барлығы  102  208  құжат  қабылданған. Оның ішінде «Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу» көрсетілетін мемлекеттік қызметі  бойынша  барлығы 76337 құжат, «Жүргізуші  куәлігін  беру»  көрсетілетін мемлекеттік   қызметі  13864  құжат  қабылданды.

Соңғы жаңалықтар