Қызылордада Microsoft академиясы ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында "Майкрософт академиясы" мен инновациялық инжиниринг орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.

«Сәуір айында Microsoft компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандум бекіттік және шілде айынан бастап, онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологияларды қолданатын біліктілігі жоғары мамандарды дайындауды бастадық.  Бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды жүргізу үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында "Майкрософт академиясын" құру туралы уағдаластық", - деді өңір басшысы.

 Әкімнің айтуынша,  қазіргі уақытта облыста Machinе-Learning технологиясы арқылы күріш алқабының шығымын болжап, су тасқыны жағдайларын модельдеу бағыттары қолға алынды. Machinе-Learning - әлемде кеңінен қолданылатын Microsoft компаниясының өнімі.

"Одан бөлек, ЭКСПО аумағын қолдана отырып, Мәскеу болат және қорытпалар институтымен Қызылордада машина құрастыру, 3-D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргіздік», - деп толықтырды Қ. Көшербаев.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінде Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің Қызылорда өңірінде орындалу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Соңғы жаңалықтар