Қызылордада қайтыс болған адамдардың атына қару тіркелген

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық прокуратурасы қару-жарақтар саласына тексеру жүргізіп, 28 марқұмның атына қару тіркелгенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Тексеру барысында өңірлік ішкі істер органдарының бақылау-қадағалау және лицензиялау, рұқсат беру қызметі тиісті деңгейде жүзеге асыырылмай келгені анықталды.

Облыста 8 165 тұрғынның атына 10 442 азаматтық қару тіркелген. Ал 307 азаматта 346 ойық ұңғылы қару бар. Тексеру барысында қару тіркелген 15 адамның психо-неврологиялық және наркологиялық диспенсерлердің есебінде тұрғаны, 8 азамат сотталғаны белгілі болды. Бұдан басқа, қайтыс болған 28 тұрғынның атында қару тіркелген.

«Көрсетілген деректер бойынша қаруды сақтау және алып жүру рұқсаттарының күшін тоқтату жөнінде шаралар қолданылмаған. Бұл ҚР «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңына қайшы. Қаруды сақтау, қолдану және оны қайта тіркеу талаптарын бұзған 350-ден астам қару иелеріне емтиханды қайта тапсыру секілді шаралар қолданылмаған. Сондай-ақ, 639 азаматтық қару иелерінің тұрғылықты жерлерін анықтау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген.

Ішкі істер органдары жүргізген қаруды өз еркімен тапсыру науқаны барысында бірнеше рет атыс қаруын өткізген 27 азаматқа қатысты анықтау шаралары ұйымдастырылмаған», - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Анықталған кемшіліктер ведомствоаралық жедел мәжілісте қаралды. Өңірлік құқық қорғау органдарына жоғарыдағы кемшіліктерді жою бойынша тиісті шараларды қабылдау туралы нақты нұсқаулар берілді. Сондайақ, прокурордың ұсынуы негізінде 9 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Соңғы жаңалықтар