Қызылордада Иран-Ғайыптың 70 жасқа толуына арналған кеш өтті

None
None
 ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Туған жер» жобасы аясында өтіп жатқан мәдени-рухани шаралардың бірі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасында болды. 

М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж қызметкерлері бірлесе отырып ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері,   ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты,  ақын-драматург    Иран -Ғайыптың 70 жылдығына арналған «Жан жұмбағын жария еткен құдірет» атты     шығармашылық кешін өткізді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр перзенті өзінің туындыларына жаратылыстың ұлы феномені - адамды басты нысана ете отырып, оның бүкіл болмысындағы күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен мұңын өзіне ғана тән сезімталдықпен жеткізе білген. Алғашқы  «Жүрек жырлайды» атты жинағы 1974 жылы жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалы жыр жинақтары жарық көрді. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр  кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының  тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері.   

  Иран-Ғайып өнердегі тазалықты, ақиқатты қалайтын ақын. Өзіне қойған талапты өзге де ақындарда болса деп армандайды. Ақынның тыныс-тіршілігі, арман-тілегі әр өлеңінде көрініс табады. Шара барысында сөз алған қазақ тілі пәнінің оқытушылары М.Меңдібаева мен Б.Ахунов  Иран-Ғайыптың поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырыбының  әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өмір өнегелері, кеңінен көрініс беретінін айтты.  Колледж кітапхана меңгерушісі З.Пазылова өз сөзінде ақынның  адами болмысты бейнелеуден, ізгілікке құштарлықтан өмір, уақыт тынысын сездіретін шығармаларына тоқталды. Ақынның шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді.

 Қатысушы жастар Иран-Ғайып шығармаларынан «Қадыр мен Тұманбайға», «Тәуелсіздік толғауы», « Абайға арнау», «Ақын ағаға»,  « Күн тұншыққан кеудемде»  өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар  ақынның сөзіне жазылған «Аман бол»  әнін хормен орындады. Кеш соңында олар «Жан жұмбағын жария еткен құдірет»  атты кітап көрмесімен танысты.

Соңғы жаңалықтар