Қызылордада «Bastau Бизнес» жобасы іске қосылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында айлық оқу курсына қатысамын деушілерді тіркеуде, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап. 

Айта кету керек, аталмыш бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша «Bastau Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары жүргізіледі.

Осы ретте, 1 сәуірден бастап Қызылорда облысының 5: Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Bastau Бизнес» компоненті бойынша оқу курсы басталады. Курстың ұзақтығы бір ай, тегін өткізіледі.

«Оқу курсына аталмыш аудандардың жұмыссыз азаматтары (Жұмыспен қамту орталығына тіркелу міндетті емес), сондай-ақ кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады. «Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтетін қатысушыларға мемлекеттік бағдарлама аясында шәкіртақы төленеді. «Bastau Бизнес» жобасының өзге компоненттерден ерекшелігі - қатысушыларға оқу курсынан өткендігі туралы сертификат беріп қою ғана емес, соңғы нәтижесі - өз ісін ашуға қол жеткізу. Сол үшін де жобаға қатысушылар оқу курсынан өтпес бұрын алдын ала тесттен өтеді. Бағдарламаға қатысып, өз ісін ашқан азаматтарға қойылатын жалғыз талап - жаңа жұмыс орнын ашу», - дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Салават Құлмахан.

Оқу курсы барысында бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетингтік стратегия, салыққа қатысты мәліметтерден хабардар ететін болады. Мұнымен қоса, оқу курсы барысында өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге көмек көрсетіледі.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының ережесіне сай оқу курсына қатысушылар одан әрі Ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен Аграрлы-несие корпорациясы қаржыландыратын микроқаржы ұйымдары тарапынан берілетін несиеге қол жеткізе алады.

Осы орайда, «Bastau Бизнес» жобасына қатысқысы келетін Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындарын аталмыш аудандарда орналасқан Кәсіпкерлер палатасының филиалдарына барып, тіркеле алатындығын айты кету керек.

Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы мамандары салаға қатысты кез келген сауалға жауап беріп, құжаттарына қатысты жан-жақты қолдау көрсетді. Сұрақтар туындаған жағдайда 59-79-60 немесе 40-09-81 байланыс телефонына хабарласа алды.

Соңғы жаңалықтар