Қызылордада 3 мыңнан астам шетелдік көші-қон заңнамасын бұзды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ағымдағы жылдың алты айында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3085 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақтық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарты жыл ішінде облыс аумағында 20 689шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды, оның 709 - алыс шет мемлекеттерден, 19 980 ТМД елдерінен келгендер. Олардың елге келуінің басты мақсаты еңбек қызметімен айналысу болып табылады. Аталмыш уақыт аралығында  көші-қон заңнамасын бұзған 3085 шетелдік анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБК-нің 518-бабы бойынша, яғни шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін - 148 және ҚР ӘҚБК-нің 519-бабы бойынша,  шетелдік жұмыс күшін ҚР заңнамасын бұза отырып тартқаны үшін 60 азаматқа әкімшілік шара қолданылды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін Өзбекстан Республикасының 3 азаматына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

Көші-қон заңнамаларын бұзуға жол берген  11 шетелдік және Өзбекстан Республикасының 162 азаматы республика аумағынан аластатылып, 551 шетелдіктің Қазақстан Республикасында болу мерзімдері қысқартылды.

Ағымдағы жылдың алты айында көші-қон полициясы қызметі бөліністерімен 12 млн.-нан астам теңгеге айыппұл салынып, оның 95% өндірілді.

Сонымен қатар, жыл басынан 8681 рұқсат рәсімделіп, жергілікті бюджетке салық ретінде 85 млн. 650 мың 512 теңге түсім түсті. 

Соңғы жаңалықтар