Қызылорда облысының мемқызметшілері үш тілде сынға түсті

None
None
  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылордада үштілділікті насихаттау, үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген  мемлекеттік қызметшілерді анықтап, оларды қолдау мақсатында «Тіл шебері -2017» облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға облыстық басқармалар мен департаменттерде жұмыс жасайтын  21 мен 29 жас аралығындағы жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар байқаудың «Мәдениеттаным» деп аталатын бөлігінде қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсе, «Ұлттаным» бөлігінде қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде айтуы тиіс болды. Ал, үшінші - «Өнертаным» кезеңінде үш тілде берілген жаңылтпашты 3 рет айтудан сынға түсті.

Талапкерлердің білімін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов басқарған қазылар алқасы бағалады.

Байқау сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың тілдерді меңгеру деңгейіне, жауаптың орамдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне, сахналық мәдениетіне, киіміне баса назар аударды.
Бәсеке қорытындысы бойынша Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Қ. Балмағамбетов І орынды жеңіп алса, Қызылорда облысының Статистика департаментінің маманы А. Алимбетова ІІ орынды, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы М. Әліп ІІІ орынды иеленді.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Ф. Халилуллаев, Қызылорда облысының Статистика департаментінің маманы З. Сұлтанова, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің есеп технигі Қ. Пазылов ынталандыру сыйлықтарын алды.

Байқау жеңімпаздары Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.  
Облыстық байқаудың жеңімпазы Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне орай өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

Шара ұйымдастырушылары - Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа-Пресс» қоғамдық қоры.

 

Соңғы жаңалықтар