Қызылорда облысында «Нұрлы жер» бойынша алғашқы үйдің жобасы мақұлданды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғашқы жоба мақұлданды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

«СМП-Қызылорда» ЖШС құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» бағдарламасының Қызылорда облысы бойынша алғашқы қатысушысы атанды.  Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында компания жобасына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша оң шешім шығарылды.

«СМП-Қызылорда» ЖШС 2002 жылы құрылған. Компания негізі қаланған уақыттан бері облыс көлемінде көптеген құрылыс нысандарын салып, нарықтағы сенімді серіктес ретінде өз орнын алған. Серіктестіктің қуатты өндірістік базасы жұмысқа қажетті барлық құрылғылармен жабдықталған, оның ішінде ерітінді-бетонды торап, ұсталық және арматуралық цех, механикалық-пластикалық цех, ұсақ темірбетонды өнімдер шығаратын цех, сондай-ақ 0,36 шақырымдық кірме темір жолы бар.

«СМП-Қызылорда» ЖШС Қызылорда қаласының Арай мөлтек ауданында  тұрғын үй салуға (жалпы көлемі 15 мың шаршы метрден астам)  «Ресей Сбербанкі» АҚ-да несие рәсімдеді. Несиенің 14% үстеме ақысын 7% мөлшерін «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру» бағыты бойынша «Даму» қоры субсидиялайды.

Қазіргі таңда компания өз қаражатына 2 тұрғын үйдің құрылысын толық аяқтап, қалған 2 көпқабатты үйдің құрылысын бастап та кеткен. «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұловтың сөзінше, мемлекеттік қолдаудың арқасында компанияның несие ауыртпалығы біршама жеңілдеген.

«Біздің жобамыз сәтті жүзеге асып, қолдау тапқанына қуаныштымын. Аталған бағдарлама жергілікті компаниялардың құрылыс бағытын ынталандыра отырып, өзара бәсекелестіктің артуына мүмкіндік жасайды. Алдағы уақыта бірқатар жобамызбен осы бағытта жұмыс жалғастыруды ойластырып отырмыз», - дейді Темірхан Әлімқұлов.

Еске сала кетсек, «Даму» қоры «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салатын құрылыс компаниялардың несие пайызын субсидиялайды. Субсидия тұрғын үй ғимараттарын салумен айналысатын кәсіпкерлердің жаңадан алатын несиелеріне беріледі. Жеке үйдің құрылысы барысында 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайды. (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құнын есептемегенде).

Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында халықтың «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық тұрғын үй несиелерінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау да қарастырылған. Бағдарламаның талаптары бойынша - құрылыс жүргізуші компания тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы, шекті бағамен өткізуі керек.

Соңғы жаңалықтар