Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тың бастама көтерілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жаңақорған - еркін бизнес алаңы» атты бастама қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Әміреевтің айтуынша, бүгінде Жаңақорған Қызылорда облысындағы аудандар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша көш бастап тұр. Биылғы жеті айдың өзінде ауданда 315 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жұмыс жасайтын 3141 кәсіпкерлік субъектісінің 1889-ы жеке кәсіпкерлер. Онда жұмыс жасайтын азаматтардың саны 9213 адам.

Ғалым Әміреев әсіресе, «Атамекен» ҰКП қолға алған жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау Бизнес» жобасының тиімділігіне ерекше тоқталды.

«Биыл ауданда 179 адам осы жоба бойынша біліктілігін жетілдіреді деп жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін олардың 90-ы оқуын тәмамдады. Қазір ауданда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы жалпы құны 161,6 млн.теңгені құрайтын 75 азаматтың жобасы іріктеліп, тізімі қалыптастырылды. Нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», - дейді аудан басшысы.

Брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған өңірдегі теңдессіз бастаманы таныстырды. Ауданда биыл пилоттық режимде кәсіппен айналысамын деген азаматтарға уақытша тегін жер үлестірген. Ол үшін аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөліп, Жаңақорған кенті аумағынан 50 гектар жерді қоршап, пайдалануға әзірлеген. Сосын іске икемі бар деген ауданның 12 азаматына 0,5-2 гектарға дейін аталмыш жерді бөліп беріп, су мәселесіне дейін шешіп берген. Аудан әкімдігі осы азаматтарды мамандар шақыртып оқытып, біліктілігін жетілдіреді. Жобаға қатысушы азаматтар 1 гектар жерге 130-150 мың теңгеге жуық қаржы салып, нәтижесінде 700 мың - 1 млн.теңгеге дейін табыс тапқанын айтуда.

Аудан әкімі мұндай қадамға азаматтардың жеке кәсіппен айналысуға деген қызығушылығын арттыру үшін барғандығын жеткізді. Ол үшін кәсіппен айналысқысы келетін азаматтардан ешқандай құжат, қаржы талап етпей, жерді уақытша пайдалануға берген. Аудан басшылығы нәтижесін көргеннен кейін бастаманы одан әрі жалғастыруды жоспарлауда. Бастамаға «Жаңақорған - еркін бизнес алаңы» атауын беріп, жүзеге асыру механизмдерін де ұсынып отыр. Бастамаға қатысушылар жерді уақытша пайдалана алады немесе аукцион арқылы сатып ала алады.

Соңғы жаңалықтар