Қызылорда облысында биыл 7 спорт нысаны пайдалануға беріледі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл 7 спорт нысаны пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов айтуынша, биыл аймақтың 7 елдімекенінде,  атап айтқанда  Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде заманауи үлгідегі спорт кешендері салынуда.

Елбасы Жолдауына сәйкес 2020 жылға қарай Қызылордада спортпен тұрақты шұғылданушылардың қатарын  30 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл міндет бұқараны салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, спорт нысандарының қатарын арттыру арқылы жүзеге асуда. Соңғы 3 жылда өңірде 9 спорт кешені пайдалануға берілген. Қызылорда қаласының «Мерей» мөлтек ауданында мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Мұнда 1 200 адамның 15 спорт түрімен шұғылдануына жағдай жасалған.

Көшедегі спорттық құрылымдарға қолжетімділікті арттыру мақсатында Ұлттық олимпиадалық комитетінің қолдауымен қаладағы орталық алаң, Тасбөгет, Мерей мөлтек аудандары мен М.Ералиева мәдениет үйі ауласында 4 стрит воркауд алаңын салу жоспарланған. Қазіргі таңда орталық алаңдағы воркауд кешені жұмыс істеп тұр.

Сегіз айдың ішінде өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,4 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетті. Бұқаралық спортты дамыту үшін 133 елді мекенге 270 спорт нұсқаушысы бекітіліп, дене шынықтырумен тұрақты айналысатын азаматтар саны 41 мыңнан асты.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қызылорда облысының спортшылары Қазақстан чемпионаттарында - 563 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында - 53 медаль иеленді. Сондай-ақ, еліміздің Ұлттық құрама командасына облыстан 420 спортшы енді.

 

Соңғы жаңалықтар