Қызылорда мәслихат депутаттарын сайлайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- 29 қазанда Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандық мәслихаттарының босап қалған депутаттарының орнына сайлау өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған Сайлауға 12226 адам қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов мәлімдеді.

Мәслихаттардағы 4 депутаттық мандатқа 12 кандидат ұсынылды. Үміткерлердің орташа жасы - 46, ең үлкені 60-та, ең жасы 26 жаста. Тіркелген кандидаттардың қатарында 2 мектеп директоры, емдеу мекемесінің 3 қызметкері, 2 жеке кәсіпкер, 2 мұғалім, 1 мемлекеттік қызметкер, 1 саяси партияның, 1 қоғамдық бірлестіктің өкілі бар. Сайлауды ұйымдастыруға облыстық, 3 аудандық аумақтық, 4 аудандық округтік және 7 учаскелік сайлау комиссиялары атсалысады.

Аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеудің мерзімі 4 қазанда аяқталады. 5 қазаннан бастап кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарына кіріседі.

 «Облыстағы сайлауға республикалық бюджеттен әрбір кандидаттың теледидардан 15 минут сөз сөйлеуіне, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялануына тең мөлшерде 153000 теңгеден қаражат бөлінген. Сайлауға әзірлік кезеңі ішінде сайлау комиссияларына сайлау заңнамасының бұзылуы туралы өтініштер келіп түскен жоқ», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов.

Айта кету керек, мемлекетімізде  мәслихат сайлаулары, өзін-өзі басқару тетіктері жетілдіру үстінде. Бұл Елбасының «Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» еңбегінде де нақты көрініс тапқан. Оның  97-қадамында:  өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселесі  айтылған. Сонымен бірге мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру жайы  көтерілген болатын.

Соңғы жаңалықтар