Қызылорда қала күнін тойлап жатыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылордадағы «Қала күні» мерекесі ақ мол болсын, халықтың несібесі артсын деген ниетпен «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» және «Дәмді бауырсақ» фестивалімен бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

Шара ұйымдастырылған «Сыр сүлейлері» аллеясында қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің қаз-қатар орналасқан қараша үйлерінен этноауыл бой көтерді.

Арнайы тігілген ақ шатырларда қала мейрамханалары ұлттық дастархан мәзірін және шаруа қожалықтары қауын, қарбыз, қымыз, шұбат, бауырсақтарды қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етті.

Атап айтқанда, қалаға қарасты шаруашылық құрылымдары 250 литр қымыз, 300 литр шұбат, 3,2 тонна қауын, 4,5 тонна қарбыз, 75 кг қауын қақ, 52 кг қауын тосабы және басқа да өнімдерді әкелді.

Барлық өнімдер шара қонақтарына тегін үлестірілді.

Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздардың концерті ұйымдастырылып, шара барысында белсенділік танытқан бірқатар кәсіпкерлер қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. 

Айта кетейік, «Қала күні» мерекесі 23 қыркүйекке дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар