Қызметшілеріне бейәдеп сөйлеген әкім жұмыстан кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының әкімі Алимжан Тохтасунов жұмыстан кетті. Бүгін оның орнына жаңа әкім болып Шухрат Нурахунов тағайындалды. Ол бұған дейін Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан активінің кездесуінде Алматы облысы әкімі міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов ауданға жаңа әкім Шухрат Нурахуновты таныстырды. Жиын барысында аталғандай, оның кандидатурасы жақында өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында көпшілік депутаттың қолдауына ие болған.

Облыс әкімі міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов аудан активіне жаңа әкімді таныстыра келе, бұған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Алимжан Тохтасуновқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Шухрат Нурханов кандидатурасын қолдап, сенім білдіргендерге алғысын жеткізіп, алдағы уақытта өзіне артылған барлық міндеттерді абыроймен атқаратындығын атап өтті.

Ал Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы Сымбат Исрапулованың айтуынша, Тохтасуновтың әдебі жөніндегі мәселе әдеп кеңесінің қарауына жетпей, оның өз еркімен жұмыстан кету туралы арызы қанағаттандырылған. 

Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының әкімі өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар