Қытайлық студенттер Абай өлеңдерін жатқа оқыды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-ындағы ҚР елшілігінде жыл сайынғы дәстүрлі «Абай оқулары» өткізілді. Биылғы шара Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Абай оқуларына» Қытай сыртқы істер министрлігі мен ҚХР коммерция министрлігінің өкілдері, «Цзиньтай» музейінің директоры Жо Хуа, Пекин шет тілдері университеті жанындағы «Қазақстан орталығының» меңгерушісі Ханшайым Қарабаева, Қытайдағы шығармашылық интеллигенция мен қазақ диаспорасының өкілдері, дипломаттар, қазақстандық және қытайлық студенттер қатысты.

Өз кезегінде ҚХР-дағы ҚР-ның елшісі Шахрат Нұрышев 2014 жылдың 19 наурызында Пекиннің орталық «Чаоян» саябағында орнталыған Абай ескерткішінің авторы - қытайлық мүсінші Юань Сикуняға және ескерткіштің бой көтеруіне ықпал еткен қытайлық дипломаттар мен мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ, Қытайда ұлы ойшыл  шығармашылығының кеңінен насихатталауына септігін тигізіп жүрген аудармашы Ха Хуанчжан («Қабай») мен жазушы Ақбар Мәжитке алғысын білдірді.

ҚХР СІМ Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Лю Бинь Абай мұрасының Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзі халықтары үшін өзекті екенін атап өтті.

«Абайдың қара сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Абай - Қазақстанның символы, қазақ халқының рухы. Мен Абаймен алғаш рет 2000 жылы  қазақстандық достарым қытай тіліне аударылған «Абай жолын» сыйға тартқан кезінде таныстым. Мен эпопеяны бір деммен апта ішінде оқып шықтым. Абай бізге өлмес мұра қалдырды. Менің ойымша Абай қазаққа ғана емес, күллі әлемге ортақ тұлға», - деді ол

Абай оқулары Пекин университетінде шет тілдерін меңгеріп жүрген студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Кеш соңында Елші Ш. Нұрышев Пекин университеті жанындағы «Қазақстан орталығының» меңгерушісі Ханшайым Қарабаеваға қытай студенттерін Абай оқуларына дайындағаны үшін алғыс хат табыстады.

«Мен қазақ тілін бір жылдан артық уақыт бойы меңгеріп келемін. Бүгін бірінші рет «Абай оқуларына» қатысып тұрмын, маған өте ұнады. Абай шығармашылығымен таныса отырып, оның рухани мұрасы мені қызықтыра түсті. Алдағы уақытта ұлы ойшыл шығармаларымен тереңінен танысатын боламын», - деді Пекин шет тілдері университетінің 2-курс магистранты Чжоу Ю ҚазАқпаратқа қазақша сұхбат беріп. 





Соңғы жаңалықтар