Қытайлық компания Көкшетауда ЖЭО салуға ниетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков өңірге жұмыс сапарымен келген қытайлық «Westers POWER CHINA» компаниясының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кездесуде тараптар Көкшетауда жылу-энергия орталығын салу мүмкіндіктерін қарастырды. Осы ретте, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ли Хонг мырза бастап келген қытайлық компания өкілдеріне облыстың екіжақты әріптестік орнатуға қызығушылық танытқан инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті. Әсіресе, жаңа өндіріс орындары ашылып,  өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, көпқабатты тұрғын үйлер бой түзеп келе жатқан Көкшетау қаласы үшін жылу орталығын салуға ниетті инвесторларға әкімдік тарапынан барынша жағдай жасалынып, қолдау көрсетілетін ескертті.
null  

«Қаламыз күннен күнге дамып келеді. Сол себепті жылу, энергия көздеріне деген сұраныс арта түсуде. Жақын уақытта жылу-энергия орталығын салмасақ, бірер жылдан кейін қалада жылу және энергия көздерінің тапшылығы болуы мүмкін. Бізге осыған дейін бірнеше компания келіп, инвестиция салу туралы өз мүмкіндіктерін ұсынды.  Дегенмен,  біз оларға бірден талаптарымызға сай аталған жобаның жүзеге асыруға ниетті әлеуетті компания табылып жатса, солармен жұмыс істейтінімізді ескерттік. Бізге ең бастысы, өзімізде шығарылатын көмірді пайдаланған тиімді. Бұл бір жағынан, орталықты отынмен үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе,  екіншіден көптеген тұрақты жұмыс орны, әрі қаржы өзімізде қалады», деді Дәурен Әділбеков өз сөзінде.

Кездесуде қытайлықтар өз мүмкіндіктерін ұсынып, жылу энергия орталығын салып беруге дайын екенін жеткізді. Ли Хонг мырзаның сөзіне қарағанда, алпауыт компания отызға жуық команиялардың басын біріктіреді.

«Біздің «Westers POWER CHINA» компаниямыз Қытайдағы жекеменшік компаниялардың ішінде ең ірісі. Құрамымыздағы команиялар әлемнің әр елінде орналасқан. Қытаймен бірге, Үндістан, Индонезия тәрізді елдерде жылу-энергия орталықтарын салып бердік. Ұсыныстарымыз сіздердің талаптарыңыздан шығып жатса, сіздердің қалаларыңызда да осындай орталық салуға дайынбыз», - деді Ли мырза.
null  

Осы орайда, жобаға қатысты ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдай келе, облыс әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков нысанның ең бастысы, экологиялық жағынан тиімді болуын алға тартты. Сондай-ақ, нақтылы бір шешім қабылдамастан бұрын, жобаның барлық нұсқаларын егжей-тегжейлі саралап барып, сосын ғана нақты бір тоқтамға келу жөніндегі кесімді пікірін айтты. Әсіресе, инвесторларға салынған инвестицияның қайтарымы болуы үшін біздегі тарифтің бағасының арзан екенін ескерте келе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қарастыру тиімді екенін алға тартты.

Сонымен қатар,  Дәурен Әділбеков инвесторларға Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған РК 1 және РК 2 ауданаралық жылу қазандықтарын аралап, нақты жағдайды көзбен көруді ұсынды.

Еске сала кетейік, осыған дейін «ALL ENERGY Holding LTD» Израиль компаниясы, АҚШ, Ливия және Түркияның бірлескен «KHOURY/BAK/GLOBAL EDISON GROUP» компаниясы және қытайлық энергиямен жабдықтау «ХАЙЮАНЬ» және жеңіл өнеркәсіп саласындағы инженерлік «China Machineru Engineering Corporation») тәрізді көрші мемлекеттен келген ондаған компаниялар аталған жобаға қызығушылық танытып, облыс басшылығымен екіжақты кездесулер өткізген болатын.

Әзірге,  аталған нысанның құрылысын қай компания қашан қолға алатыны белгісіз. Алдағы уақытта облыс әкімдігінің қойып отырған талаптарына сай жұмыс жасайтын компанияға басымдық берілетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар