Қытайлық компания Ақтөбеде тексеру жабдықтарын шығаратын зауыт салады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысына «NUCTECH» компаниясының вице-президенті Ли Цзянмин келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Қытайлық компания рентген зауыты аумағында немесе индустриялдық аймақта медициналық тексеру жабдықтарын шығармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімдігінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «NUCTECH» компаниясының вице-президенті Ли Цзянмин кездесті. Жоспар бойынша «Ақтөбебрентген» АҚ базасында бірлескен кәсіпорын немесе «Ақтөбе» индустриялық аймағында жаңа зауыт салынады.

«Сіздің компанияңыз Қазақстанмен 10 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Ақтөбе облысы осы жобаны жүзеге асыруға мүдделі және қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Кездесуде қытайлық инвесторларға өңірдің артықшылықтары, оның ішінде географиялық орналасуы, көлік және логистикалық инфрақұрылымы түсіндірілді. Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» индустриялық аймағы, «Ақтөбе» ӘКК және Инвесторларға қызмет көрсету орталығы туралы айтып берді. Ал Ли Цзянминь ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығы бар екенін айтып өтті. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасында айтылған «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында іске асырылады.

«Біз «Ақтөберентгеннің» өндірістік базасымен таныстық. Рентген зауытының өндірістік базасы жақсы екен. Қазіргі кезде біз зауыт қызметкерлерін Қытайға шақырып, компаниямен жіті танысуды ұсынып отырмыз. Осыдан кейін ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылай аламыз», - деді Л. Цзянминь.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1997 жылы құрылған «NUCTECH» компаниясы жоғары технологиялық қауіпсіздік техникасын әзірлеуге және өндіруге маманданған. Бүгінгі күні компания өнімдері әлемнің 122 еліне жеткізіледі. Ал инвесторлармен арадағы келісім облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қытайға сапары кезінде жасалған болатын. 

 

 

Соңғы жаңалықтар