Қытайға күнжара мен жоңышқа экспорттау талаптары келісіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бидай, бидай кебегін, соя бұршағын экспорттау жөніндегі талаптар Қытай тарапымен келісілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында фитосанитариялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, министрлік отандық өсімдік тектес өнімдерді әлем нарығына жеткізуге фитосанитариялық кедергілерді алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні бидайды, бидай кебегін, соя бұршағын экспорттау жөніндегі талаптар қытай тарапымен келісілді.

«Ағымдағы жылғы 22-29 сәуір аралығында Қытайға күнжара мен жоңышқа экспорттауды қалайтын Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарындағы кәсіпорындарды қытайлық сарапшылардың тексеруі жоспарланып отыр, тексеру қорытындысы бойынша көрсетілген өнім түрлеріне қойылатын талаптар жобасы келісілетін болады. Маусым айында жүгері мен арпаға тексеру жүргізіледі деп күтілуде. Осыған байланысты облыстар әкімдіктерінен қытай мамандарымен инспекция жүргізуге көмек көрсетулерін сұраймыз», -  деді ол.

Арман Евниевтің айтуына қарағанда, өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлардың жұмыс қағидатын сертификат беруден елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өзгерту қажет. Ол үшін осы процесті автоматтандыру керек.

«Сондай-ақ, фитосанитариялық сертификаттарды беру бойынша жаңа тәсілдер әзірленді. Аталған өзгерістер карантинге жатқызылған өнімдерді қадағалап отыру қағидатын енгізуге және фитосанитариялық тәуекелді талдау негізінде сертификат беру процесін автоматтандыруға, карантинге жатқызылған өнімдерді өндірумен, өңдеумен, тасымалдаумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар