Қытайға экспорталатын газдан Қазақстан қанша пайда табады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайға газ экспорттаудан қазақстандық компаниялар 1 млрд долларға жуық пайда табады. Бұл туралы бүгін қазақстандық газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімінде ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Қытай тарапы бекіткен келісімшарт негізінде 1 жылдың ішінде Қытайға қарай 5 млрд текше метр  газ экспортталатын болады. Жалпы, биыл елімізде 40 млрд тешке метрден астам газ өндірілетін болады. Оның 16 миллиарды экспортқа шығарылса, ішкі нарықта 13-14 миллиарды пайдаланылады.  Ал қалған газдың көлемі ұңғымаларға қайта айдалады. Ең бастысы бүгін тарихи маңызы бар оқиға орын алып отыр», - деді министр.

Оның пайымынша, Қазақстан көгілдір отынды бұған дейін Ресей арқылы тек Еуропаға экспорттап келсе, енді тікелей Қытай нарығына шығу арқылы газ нарығы саласында өзінің еркіндігін алып отыр.

«Қытайға экспортталатын газдың бағасы коммерциялық құпия. Оны айта алмаймын. Бірақ, бағасы дұрыс деп есептеймін. Ал бұл экспорттың ішкі нарықтағы газдың бағасына еш қатысы жоқ. Жалпы айтқанда газ өндіретін компаниялар және «ҚазТрансГазға» қатысы бар компаниялар, мәселен Қытаймен бірлескен кәсіпорындар бұл келісімшарттың негізінде 900 млн  доллардан астам пайда алады», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар