Қытайдың тұңғыш жасанды Жер серігін ұшыруға атсалысқан қазақ ғалымын білесіз бе? - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей осы аптада шетелдегі қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ көздеріне шолуын ұсынады.

Шыңжаң өлкесінен былтыр 4500 - ге  жуық көне мәдени жәдігерлер табылды -«Жэньминь жибао» (People Daily)

1 

2017 жылы Шыңжаңның археологиялық экспедициясы табысты жұмыстар атқарды. Олар  қазба аумағы 7410 шаршы метр болатын, 927 көне қорымнан 4500-ге жуық мәдени жәдігерлер қазып алды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

 Аталған дереккөздің мәліметінше, өткен жылы Шыңжаңдағы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барысында Алтай аймағының Жеменей ауданынан «Тұңтиянтұң» ескі жұрты табылған болатын. Бұл 2017  жылғы Қытай археологиялық қазба жұмыстарында анықталған 6 үлкен тарихи маңызы бар нысанның бірі болып бағаланды.

1.2 

«Үрімжі қаласында 2017 жылғы Шыңжаңның археологиялық қазба жұмыстарының бір жылдық нәтижесі қортындыланған алқалы жиын өтті. Аталған шараға  Шыңжаң мәдени мұраларды зерттеу орталығы, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Археология зерттеу орталығы, Бейжің университетінің Археологиялық мәдени мұра - мұражай институты секілді түрлі зеріттеу орындарының мамандары қатысты. Олар жиын барысында өздері басқарған немесе қатысқан археологиялық зерттеу нәтижелері мен қазба нысандары жөнінде баяндама жасады. Осы жылғы археологиялық  қазба жұмыстарының басым бөлегі  көне тас құралдар дәуірі,  Қытайдың  Хань - Таң династиясы мен Құбылай хан құрған Юань  патшалығы кезеңдерінен сыр шертетін тарихи нысандар болып табылады» ,- деп жазады People Daily.


Моңғолиядағы қандасымыз дзюдодан өткен республикалық жарыста қола медаль еншіледі - kaznews.mn

2 

Моңғолия астанасы Ұланбатырда өткен жастар арасындағы ел біріншілігінде, 90 келі салмақта сынға түскен Дзюдошы Жандос Болашақұлы қола медаль алды, деп жазады KAZNEWS ақпараттық порталы.

1999 жылы Баян-Өлгей аймағында туған қандасымыз, дзюдошы Жандос Болашақұлы KazNews тілшісіне сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөліскен екен.

2.2 

 «Бұл жолғы жарысқа жақсы дайындалдым. Орталық спорт кешенінде жаттықтырушым Ш.Дожо, Т.Энхцэцэг ұстаздардың оқу-жаттығу жиындарында үйреткен жаттығулары мен тапсырмаларын бәрін орындадым. Аздап тәжірибем жетіспеді. Мемлекеттік «лашын» Серік Бердімұратұлы ағамыз жаттығу кезінде көмектесіп, ақыл кеңесін айтып отырады. Қола медальды қанағат тұттым, шүкір деймін. Бұл тек бастамасы ғана. Алда көптеген жарыстар бар. Дзюдодан студенттер арасындағы ел біріншілігі, ересектер арасындағы ел біріншілігі және самбодан жастар арасындағы ел біріншіліктері бар. Бұл жарыстарға 81 келі салмақта белдесетін боламын. Бұйырса соған дайындаламын», - дейді Дзюдошы Жандос Болашақұлы KAZNEWS ақпараттық порталына берген сұхбатында.

 

Қытайда қазақ ғалымдары туралы жазылған «Парасат» атты кітап жарық көрді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

  3.1 

Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан білікті мамандар туралы жазылған «Парасат» атты еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды kazakcnr.com сайты.

 Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Қытай елінде тұратын қандастарымыздың арасынан шыққан, ғылым жолында белгілі жетістіктерге жеткен, үздік мамандар туралы жазылған «Парасат» атты еңбектің авторы «Шыңжаң ғылыми-техника» газеті бас редакторының орынбасары Бақытхан Біләлұлы екен. Автор кітабында ғылым саласындағы үздіктердің ершімді еңбектерін саралап, олардың мамандығы мен жетістіктері жайында жан-жақты таныстырып жазған.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз алған белгілі тарихшы,  жазушы Жақып Мырзақанов, «Парасат» кітабының жарыққа шығуы жақсы үрдіс болғанын тілге тиек етті. «Бұл кітап білікті қазақ мамандарының еңбегін бағалап, көпшілік қауымға насихаттаумен бірге, кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге болмақ», - дейді Жақып Мырзақанов.

3.2 

  Айта кетерлігі, тұсаукесер рәсіміне Қытайдың тұңғыш жасанды Жер серігін ұшыруға атсалысқан аға инженер Гүладан Секенқызы арнайы шақырылыпты.

Ол сол уақыттарда ғарыш апараттарына пайдаланылатын ерекше бөлшек «Термисторды» зерттеуге жетекшілік еткен екен. Гүладан Секенқызы «Парасат» кітабында «Аға инженердің еңбегі әлем аясында» деген тақырыппен таныстырылған.

«Өткен күндердің естелігі айтылып, еңбегіміздің жұртқа насихатталып, жастарға үлгі етіп көрсетіліп жатқанына қуанштымыз. Кітапта 80-нен астам мамандар таныстырылыпты. Алдағы уақытта халқымыздан тіпті де көп білімді жастардың шығатынына сенемін», -дейді салтанатты шарада сөз алып, ақжарма тілегін білдірген Гүладан Секенқызы.

3.3 

Аталған еңбекте,  ұлтымыздың ертедегі құрылыс өнерінің құндылықтарын дүние жүзіне танытып жүрген, техника ғылымдарының докторы Сержан Халықұлы, халықаралық ағылшын тіліндегі басылымдарда тұңғыш рет  қазақтың дәстүрлі медициналық атауларын жариялаған, әлемде алғаш рет тілерсек зақымдалу отасынан кейінгі қимылдық емдеуді жүзеге асырған медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасарат Жәлелұлы, халықаралық дәрежедегі «Құсжолы жүйесіндегі тығыз тұмандықтың кең көлемде қалыптасуын бақылау және зерттеу» ғылыми жұмысымен   айналысып жүрген астрономия ғылымдарының докторы Жарқын Есімбекұлы, жүрек-қан тамыр ауруларын зерттеу-емдеу саласындағы үздік дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұқият Оразханұлы, 2008 жылғы халықаралық химиялық материал қоғамы жағынан «Ең үздік 21 доктордың бірі» болып бағаланған, Америка Массачусетс жаратылыстану ғылымдары институтының докторы, Техас жаратылыстану ғылымдар университетінің профессоры Нұршат  Нұражыұлы, техника ғылымдарының докторы, Қытай мемлекеттік Баугаң білім сыйлығының иегері Сенбай Далабайұлы, Шыңжаң университетінің профессоры, белгілі математик Тұрдыбек Нұрдыбекұлы секілді көптеген өз саласының білікті, білгір мамандары таныстырылған.

3.4 

 

Көлсай - табиғаттың інжуі - TRT

  4 

Қазақстанның Алматы қаласының шамамен 200 км шығысында, Тянь-Шань тауының етегінде орналасқан Көлсай көлі - табиғат сүйер отандық және шетелдік туристер үшін тартымды жерлердің бірі,   деп жазады Түркия Радио Теледидар порталы.

 «Көлсай - Алматы қаласына 200 км,  Шарын шатқалына жақын жерде орналасқан үш көлдің ортақ есімі. «Солтүстік Тянь-Шань тауларының інжуі» деп атағы шыққан Көлсайдың табиғатына адамның көзі тоймайды, көкпеңбек суымен баршаны таңғалдырады. Осы уақыттарға дейін  көлге жету қиын болғандықтан, аса таныла қоймаған.  Бірақ соңғы кездері отандық және шетелдік туристер көп келетін жерлердің біріне айналды. Көлсайға саяхат турларымен немесе өз мүмкіншілігіңізбен келуге болады. 1700 метр биіктікте орналасқан бірінші көлге көлікпен келу мүмкіндігі бар. 2250 және 2650 метр биіктіктегі екінші және үшінші көлдерге жету үшін 9 және 6 км жүріп бару керек. Бұл көлдерге атқа мініп жетуге де болады. Көлдерге баратын жолда түрлі жеміс жинап, балық аулап тамаша уақыт өткізу мүмкіндігі де бар. Көлге жақын жерден қонақүйлерде табылады», - деп жазады TRT порталы.


Пхенчханда қазақ спортшысы Қытай құрамасы сапында өнер көрсетті - CCTV
5 

Қытай құрамасы сапындағы 22 жастағы қазақ спортшысы Аршынғазы Шәкенұлы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXIII қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетті, деп хабарлайды Қытайдың  CCTV телеарнасының қазақ тілінде шығатын kazakh.cctv.com сайты.

Аршынғазы Шәкенұлы байрақты бәсекеде ерлер арасындағы 1500 метрге конькимен жүгіру сынында өнер көрсетті. Қортындысында, қандасымыз аталмыш қашықтықты 1:50.16 уақытта бағындырып, 35 спортшы арасынан 32-орынды қанағат етті. Аршынғазы келесі кезекте 24 ақпан күні Пхенчхан Олимпиадасында конькимен жүгіруден ерлер арасындағы жаппай-старт бәсекесінде өнер көрсетеді.

Аршынғазы қытайлық БАҚ-қа берген сұхбатында жарыста өзінің қобалжуға бой алдырғанын жасырмады.

5.2 

«Бейжіңдегі бәсекеде 1 минут 50.74 секунд нәтижесін көрсеткен едім, бүгін сол нәтижені жаңаладым. Әрине, Олимпиада ойындарына алғаш қатысып отырғандықтан толқу және қобалжу сезімі болды. Ендігі мақсат алдағы бәсекелерге дайындала түсу» -, деді қандасымыз.

Естеріңізге сала кетейік,  Аршынғазы Шәкенұлы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде қазақ отбасында дүниеге келген. Ол Шыңжаңның конькимен жүгіру құрамасына 2010 жылы қосылып, 1500 метрге жүгіруде Қытайдың ішкі біріншілігінің жеңімпазы атанған.

 

Қазақстанда экономикалық дағдарыс аяқталды - «Фарс» ақпарат агенттігі

  6 

Қазақстанның Ұлттық Экономика министрінің орынбасары елде экономикалық дағдарыстың аяқталғанын хабарлады, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

 Fars хабар агенттігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның Ұлттық Экономика министрінің орынбасары Руслан Дәленов баспасөз отырысында елдегі экономикалық дағдарыстың аяқталғанын, өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 4 пайызды құрағанын, 2017 жылы өңделетін өнеркәсіптің дамуын 5,1 пайыз деп атап, осы кезеңде Қазақстанда дәрі өндірісінің 41,8 пайызға артқанын хабарлады.

«Министр орынбасарының айтуы бойынша, өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй эксплуатацияға беріліп, күре жолдың 4 000-нан астам шақырымы жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар қазақстандық 400 компанияға әртүрлі қолдау көрсетілген. Қазақстанның халықаралық салада жасаған мәмілелерінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 25 пайыздан (69,5 млрд доллар), экспорты 31,6 пайызға (43,1, млрд доллар) артқан. Осы кезеңде мұнайдан тыс өнімдердің экспорты 14 млрд долларды құраған. Бұл 32,7 пайыздық өсімді көрсетеді», - деп жазады parstoday.

 

 

Соңғы жаңалықтар