Қытайдан шығып Польшаға баратын экспедиция Қазақстанның киелі жерлерімен өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Қытайдан аттанып, Польшада мәресіне жететін «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы Қазақстанның киелі орындарын басып өтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Экспедицияның жетекшісі - әлемге әйгілі жиһангез Яцек Палкевич. Яцек Палкевичтің Гоби және Сахара шөлдерін кесіп өткен ондаған ауыр экспедицияларды артта тастап, Намибиядағы Сүйек жағалауы және ұлы Амазонка өзенінің нақты бастауын анықтаған ғалым екенін айта кету керек.

Осы экспедиция барысында ол Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресей, Беларусь пен Польша арқылы 10 мың шақырым қашықтықты жүріп өтуді көздеп отыр. Алға қойған мақсаты - Ұлы Жібек жолының мәртебесін қайтару, жандандыру және Азия мен Еуропа арасындағы сауда керуендері арқылы қатынасқан елдердің мәдени байланысын нығайту.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда киелі ескерткіштерді сақтау бағытында бағдарламаның іске асып жатқаны мені таңдандырды. Бұл жайлы мен экспедиция серіктестері - Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтынан білдім. Біздің экспедициямыздың бағыты осы жолдар арқылы өтеді, себебі тек сол жолсеріктеріміз ғана Ұлы Жібек жолының тарихынан сыр шерте алады. Бізге сол дәуірдің рухын сыйлай алады. «Қазақстанның қасиетті географиясы» бүкіл әлем туристері үшін үлкен мүмкіндікке айналатынына сенімдімін» - дейді Яцек Палкевич.

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтың айтуынша, Қазақстанда туризм саласын дамыту үшін Яцек Палкевич секілді әлем халқы құлақ асатын жиһангезді шақырудың маңызы зор. Себебі, әлемге әйгілі жиһангез Оңтүстік Америкадағы Амазонка өзенінің басталатын қайнар көзін бірінші болып тапқан адам екен.

«ЭКСПО арқылы бүкіл әлемнің Қазақстанға деген қызығушылығы арта түсті. Ендігі кезекте біз Қазақстан тек қана өнеркәсіптік салада ғана емес, туризм саласында озық ел екенін таныту жоспарланған. Яцек Палкевич бастаған экспедиция 10 мың шақырымды бағындырады. Күні кеше ғана біз экспедицияның алдын ала жоспарлы жолының жобасын жасадық. Біздің жоспар бойынша экспедициялық топ Қытайдан Қазақстанға Қорғас өңірінен кіріп, одан бері Есік, Тамғалы тастары ескерткіштері тұрған жерден Қырғызстанның Бішкек қаласына барады, Ол жақтан Өзбекстанға жол тартып, тарихи Бұқара, Самара, Хиуа қалаларын кесіп өтеді. Өзбек жері арқылы Оңтүстік Қазақстанның Отырар, Самарқан ескі шаһарлары арқылы Балқаш өңіріне келіп, ол жерде Астанаға жолға шығады. Елордадан Бурабай мен Қостанай арқылы Ресейдің Челябинск қаласына аттанады. Біз экспедиция арқылы барлық ескерткіштерімізді көрсеткіміз келеді», - дейді Тимур Дүйсенғалиев.

Қазір халықаралық экспедицияның құрамында қазақстандық тараптан қандай өкілдер енетіні анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар