Қытайдан келген қандасымызға 40 мың доллары қайтарылатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдан келген қандасымыз Гүлжан Мәуітханға қатысты қоғамды дүрліктірген іске нүкте қойылды. Оған кеден бекетінде тәркіленген 40 мың доллары қайтарылатын болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Мәлімет бойынша, осы жылдың 4 сәуірінде Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға көшіп келген Гүлжан Мәуітханнан шекараның кеден бекетінде декларацияда көрсетілмеген 40 000 АҚШ доллары алынған. Гүлжан Мәуітхан Қытайдағы өз үйін сатып, осы қаражатқа Астанадан үй сатып алмақшы болған. Ол шекара арқылы ақшалай қаражатты өткізу ережелерін білмегенін түсіндірген. Нәтижесінде, «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Нәтижесінде, Зайсан аудандық соты Гүлжан Мәуітханды кінәлі деп танып, 40 000 АҚШ долларын мемлекет пайдасына алу туралы шешім шығарған. Апелляциялық сатыда сот ісін жүргізу тілі туралы талап сақталмағандықтан, шешім бұзылған.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы осы істі мұқият зерделеп: «Гүлжан Мәуітханның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағанын анықтады, себебі Гүлжан Мәуітхан Қытайдан ақшалай қаражатты құпия түрде әкелу ниеті болмаған» деген қорытындыға келді.

«Бұндай шешім қабылдауға - егде жасында Қытай елінен атамекені Қазақстанға қайтуды мақсат етіп, өмір бойы жинаған дүние мүліктерін сатып, оралман мәртебесін алып, еліне оралған Г.Мәуітханды «экономикалық контрабанда» жасады деп айыптап, оның 40 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражатын тәркілеу әділетсіз екендігі негіз болды», делінген аталған Қаулыда.

Айта кетейік, 25 мамыр күні Қытайдан келген қазақ әйеліне қатысты істі ҚР Бас прокуратурасы бақылауға алған болатын.  

Әлеуметтік желіде бұл істің барысын қадағалап отырған жұрттың қарасы қалың болды. Бүгін облыстық прокуратура шығарған шешімге алғысын айтып жатқандар да аз емес. Мәселен, саясаттанушы, осы істің басы-қасында жүрген Ерлан Саиров Фейсбуктегі парақшасында: "Оқиға сәтті аяқталды. Бұндай келеңсіздіктердің болмағанын қалар едім. Прокуратура өкілдеріне бұл шешімі үшін алғыс айтамын. Бізге қолдау білдірген барша қамқор жандарға алғыс айтамыз", деп пікір жазған. 

Соңғы жаңалықтар