Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Задақан Мыңбай дүниеден өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, сөз зергері, қадірменді ақсақал Задақан Мыңбай 25 қаңтарға қараған түні туған жері Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында, 78 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.

Задақан Мыңбай 1939 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағы Дәрбілжін ауданының Қаракемел ауылында дүниеге келген. Қытай қазақтары әдебиетінің негізін қалаушы ірі тұлғалардың бірі.

1960 жылы Шыңжаң институтын бітірген. 1960-1980 жылдары Қытайда жүргізілген солшыл саясат кесірінен жазықсыз айдауда болған. Ақталғаннан кейін 1980-1997 жылдары аудандық сотта адвокат қызметіне кірісіп, 1997 жылдан шығармашылық жұмыстармен айналысқан.

Қытай жазушылар қоғамының, Қытай аз санды ұлттар қоғамының мүшесі, Шыңжаң жазушылар қоғамының мүшесі және жорасы, Іле Қазақ автономиялы облыстық жазушылар одағының мүшесі және Автономиялық өлке адвокаттар қоғамының тұрақты өкілі.

Жас кезінде ақын ретінде атақты композитор Мәлік Жүнісұлы музыкасын жазып таратқан, «Электр» әні арқылы елге алғаш танылған. 1960-1980 жылдары солақай саясаттың кесірінен баспасөзге жариялану құқығынан айрылған.

«Көкейтесті» атты өлең-дастандар жинағы, «Махаббат құрбандары» атты дастаны (бірлескен жинақ), «Бетпе-бет» атты өлеңдер жинағы, «Дала заңы» атты дастандар жинағы баспадан шыққан.

«Бетпе-бет» Жаңа дәуір әдебиеті үздік шығарма сыйлығына, «Дала заңы» Қытай аз ұлттар әдебиеті үздік шығармасы сыйлығына ие болған.

1984 жылы «Алтын қанат» балладасы Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің балалар әдебиеті сыйлығын алған.

«Ей отыншы, қыршын талды қимашы,

Жұп торғайды үркітпеші, қумашы.

Жасты қисаң қайғырып жер құшады ,

Жұпты қусаң екі айырыл ұшады», деп жырлап, талай қазақтың жүрегін ғажап лирикаларымен тербеткен ақын енді арамызда жоқ...

Соңғы жаңалықтар