Қытайдағы әнші Арай Айдарханның әкесі «Әлем барысына» балуан шәкіртін қосып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Mega Silk Way» ойын-сауық кешенінде «Alem barysy» додасына қатысатын балуандардың салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтті. Шараға Қытай елінен үкілеп балуан шәкіртін қосып отырған Айдархан Қабдоллаұлы да келген екен. Халықаралық қазақ күресі федерациясының вице-президенті қызметіндегі Айдархан Қабдоллаұлы бұл жолы Есбол Жақитанұлы есімді Буыршынның балуанын топқа қосып отыр.

Айдархан ағаның Қытайдағы миллиард халықты өнерімен тәнті еткен Арай Айдарханның әкесі екенін де атап өткіміз келеді. Балуандардың жеребе тарту рәсімінен кейін қазақ күресінің дамуына аянбай еңбек сіңіріп жүрген Айдархан Қабдоллаұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Айдархан аға, Астанаға қош келдіңіз! Шәкіртіңіз туралы айта кетсеңіз.

- Рахмет! Бұл жолғы «Әлем барысының» қазақ күресінің отаны, ел астанасында өткеніне ерекше қуанып отырмын. Додаға Қытай елі атынан жас та болса қатарынан оза шапқан, Алтайдың ақиық балуаны Есбол Жақитанұлы қатысатын болады. Есбол небәрі 23 жаста, болашағынан зор үміт күттіретін жігіт. Ол бұған дейін Шыңжаң өлкесінің спартакиадаларында дзюдодан жеңімпаз атанып жүрген балуан. Қытайда қазақ күресінен өткен Азия чемпионатында да қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Сонымен қатар, Қытайда өтіп жатқан әр түрлі деңгейдегі және басқа ұлттардың ұлттық күрес түрлерінде де алтыннан алқа тағынып жүр. Әсіресе моңғол және ұйғыр күресінен шебер.

- Қытайда ұйымдастырылып жатқан қазақ күресі жарыстарының бізбен салыстырғанда деңгейі қандай? Қазақ күресінің ол жердегі беделі қаншалықты?

- Қытайда 2 миллионға жуық қазақ мекендейді. Қазақтар тұратын Іле, Алтай және Тарбағатай өңірлерінде әр аудандарда Қазақ күресі қауымдастығы жұмыс атқарып тұр. Ондағы қазақтар қазақ күресін өте жоғары бағалайды. Балуандарымыз ауылдағы той-томалақтан-ақ күрес жолын бастап, кәсіби деңгейде өткізіп отырған жарыстарымызға дейін жетіп жатыр. Қытайда қазақ күресінен бірнеше мәрте Азия чемпионаты және Әлем чемпионатын өткіздік. Көптеген елдердің балуандары қатысып, шәкірттеріміз де жүлделі орындардан көрінді. Алтай қаласында өткізілген Азия чемпионатын 40 мыңға жуық көрермен тамашалады. Осыдан-ақ, ол жердегі ағайынның ұлттық спортымызға деген құрметі мен қызығушылығын аңғара беріңіз. Ал үкімет тарапынан ұлттық спорттың дамуына ешқандай кедергі жоқ. Әр ұлттың өз спортын дамытуына толықтай мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Қазақ күресін жалпықытайлық ұлттық спорт спартакиадасына кіргізуді жоспарлап отырмыз.

- Қазақ күресінің дамуын қалай бағалайсыз? Спорттың бұл түрін Олимпиада ойындарына енгізу үшін Қазақстанда айтарлықтай ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда ортақ іске Сіздер қалай үлес қосып жатырсыздар?

- Мен спорттағы жолымды дзюдодан бастадым. Бұл салада 40 жылдың үстінде еңбек еттім. Шынын айтсам, дзюдоның ереже қағидалары, ұпай беруі қазақ күресіне өте жақын. Біздің күрестің тарихы тереңде жатқанымен, жапондар дзюдоны бізден бұрын әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Олимпиадаға кіру қыруар қаржыны және мемлекеттік деңгейдегі қолдауды қажет етеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ күресі жарысының жоғары деңгейде өткізілуіне өте үлкен қолдау көрсетіп отыр. Оған мысал ретінде «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысының» өткізілуін айта аламыз. Дегенмен, халықаралық қауымдастықты мойындату үшін жүйелі де сауатты жазылған қағида керек. Халықаралық деңгейде өткен жарыстарға шетелдік төрешілерді көптеп тартып, сапалы төрешілер қосынын дайындау шарт. Бұл жолғы «Әлем барысына» әлемнің 40 елінен спортшылар қатысып отыр екен. Меніңше, бұл үлкен жетістік, бұл төл күресіміздің қарыштап дамып жатқандығының айқын дәлелі.

- Айдархан аға, Қытайды тамсандырған әнші Айдар сіздің ұлыңыз екенін білеміз. Ұлыңызды бала кезінде күреске баулығаныңызды Арай бір сұхбатында айтып қалып еді. Арайдың күресті тастап, әнші болуына қарсы болған жоқсыз ба?

- Спортшы үшін жарақат алып, спортпен қош айтысу өте ауыр. Мен 23 жасымда аяғымнан жарақат алып, спорттағы мансабымды аяқтадым. Менің жаттықтырушылық мансабым осыдан басталды. Көптеген қазақ жастарын жарыстарға дайындап, Қытайдың дзюдодан ұлттық құрамасын жаттықтырып, мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы атағын алдым. Қытай менің еңбегімді бағалайды. Ал Арай жайлы айтар болсам, ол жақсы күресетін еді. Көптеген жарыстарға өзім апардым, Қазақстанда да жаттықты. Ол да кемеліне келіп, тау қопарар жасында аяғын мертіктіріп алды. Бұл күнде өздеріңіз көргендей Арай өз таңдауын жасады. Бейжіңде музыкалық мамандықты оқып, Қытайға танымал әнші-продюсер болып жүр.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

- Сізге де рахмет!

Соңғы жаңалықтар