Қытайдағы 200 шақырымдық аламан бәйге қалай өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақтың қара домбырасын арқалап Қытай жерін аралағандар Бейжіңге жетті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

null 

Қазақтың қара домбырасын арқалап, велосипедтеріне қазақы оюлы қоржын бөктерген қазақтың қос азаматы Қытайдың бірқатар облыс, қалаларын аралап, 6 ай жол жүріп Бейжіңге жетті, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.

null 

«Нұраш Қуанышбайұлы мен Айдын Қаһарманұлы велосипедпен 2017 жылдың 26-шы қыркүйегінде Шыңжаң өлкесінің Тоғызтарау ауданынан сапарға шыққан. Олар осы ұзақ сапарында талай асқар тау, асау өзендерді басып, Қытайдың Цинхай, Ганьсу Шаньси, Сычуань, Юньнань, Шанхай қатарлы 15-тен астам облыс, қалаларын аралап, 6 ай жол жүріп 10-ы сәуір күні Бейжіңге ат басын тіреді. Азаматтар сапар барысында қазақтың қара домбырасын арқалап, велосипедтеріне қазақы оюлы қоржын бөктеріп жүрген. Бұл қазақтың ұлттық құндылықтарын өзге халықтарға дәріптейтін, танытатын тамаша шара болды. Қазақтың домбырасы мен оюлы қоржыны жол бойы кездескен жұрттың қызығушылығын оятып, жақсы пікір тудырған», - деп жазады БАҚ.

null 

Жиһангез қандасымыз Айдын Қаһарманұлының айтуынша, домбыра мен қоржын қазақтың ұлттық мәдениеті, сәлт-дәстүр белгісі. Қазақта ұзақ сапарға шыққанда қара домбырасын алып, қоржынын бөктеріп жүретін дәстүрлі дағды бұрыннан бар екен.

null 

Ал қос жүйрік Нұраш пен Айдын алдағы күндерде сапарларын ары қарай жалғастырмақ. Олар Бейжіңге аз аялдап, тынығып алған соң Қытайдың солтүстік шығысындағы үш өлкесін, Ішкі Моңғолия мен Тибет үстіртін аралап, сапарларының соңғы межелі жері Шыңжаңның Үрімжі қаласына жетуді мақсат етіп отыр.

null 

Қазақстанның көгінде бірінші әйел ұшқыш ұшты - «Фарс» ақпарат агенттігі

null 

Қазақстан Қарулы Күштерінің бірінші әйел ұшқышы «Л-39» ұшағымен көкті бағындырды, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

Fars агенттігінің мәліметі бойынша, Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты алғашқы әйел ұшқыш Ардана Ботай Қазақстан Әуе күштерінің 538998 бөлімшесінде қызмет етеді. Ол кішкентай кезінен соғыс ұшағының ұшқышы болуды армандаған. 16 жасында мемлекеттік авиация орталығына оқуға түсіп, сол жерде «ТЛ-2000», «Diamond-42» және «Techam-P» ұшақтарымен танысқан.

«Ардана Ботай Қазақстанның Азаматтық авиация академиясын аяқтаған соң 2010 жылы қаңтарда «Н-26» әскери тасымал ұшағы капитанының көмекшісі болып, осы саладағы жұмысын бастаған. Ботай ақпарат құралдарына берген сұхбатта ұшқыштың жұмысындағы ең маңызды жайттардың бірі ретінде кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдап, соны жылдам жүзеге асыра білу деп атады. Себебі, ол ұшқыштарды аспанның қорғаушылары санайды», - деп жазады parstoday.

200 шақырымдық аламан ат бәйгесі қалай өтті - CCTV

null 

Қытайлық CCTV телеарнасының қазақ тілінде шығатын kazakh.cctv.com сайтында Қытайда тұратын қандастарымыз ұйымдастырып өткізген өзгеше аламан ат бәйгесі туралы жаңалық жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, ҚХР Шыңжаң өлкесінің Шонжы ауданында, «Құлагер» ат спорты қоғамының мұрындық болуымен 200 шақырымды құрайтын өзгеше «салт атты жолаушы» бәйгесі өткізілген. Осы уақыттарға дейін мұндай ерекше бәйге үш рет ұйымдастырылыпты. Белсенді азаматтар «салт атты жолаушы» бәйгесін өткізу арқылы қазақтың дәстүрлі атүсті мәдениетін жаңғырту, ат спортын дамытуды мақсат еткен.

null 

«Құлагер» ат спорты қоғамының төрағасы Серік Әбдіұлының пікірінше, бұл жарыс өткен замандардағы айшылық жолды атпен жүріп өтетін аталарымыздың ерлік рухын, көшпелі тұрмыс дағдысын еске түсіреді. Сол уақытта алыс жолға атпен сапарлап шығу үшін белі мықты, жүріске шыдамды, жақсы жарап, бапталған аттар таңдалған. Сонымен бірге ат үстіндегі алыс жол тақымның беріктігін, «ер азғы мен бөрі азығы жолда» деп атқа мінетін ер азаматтың да қажыр-қайратын сынайтын тұс. Міне «жолаушы бәйгесі» осыларды жаңғыртуды көздеп отыр.

Қазақы жылқылар әлемде ұзақ жүріске төзімді жылқылар қатарына жатады. Бұл жылқылардың басы үлкен, кең маңдайлы, орта бойлы, тұрқы ұзындау, аяқтары қысқа да сүйекті, белі мықты, терісі қалың, жүні тығыз болып келеді. Әдетте атты жолаушы жай жүріспен 8 сағатта 60 км жол басатын болған. «Салт атты жолаушы» бәйгесі осындай ұзақ жүріске шыдамды қазақы жылқылардың қазіргі күйін танып білумен бірге, заман дағдысымен темір тұлпарларға ғана мініп үйренген азаматтардың ат үстіндегі шыдамдылығын сынап көруді мақсат еткен.

null 

«Жарыс ережесі бойынша қатысушылар Қобының құмы және Отарбай құмы аталатын жерлерді атымен басып өтіп 200 шақырым жол жүру керек. Алғашқы 50 шақырым жүрген соң жарысқа қатысушылар жеке-жеке өздері от жағып, шайын қайнатып түстеніп аттанады. Бұл жерде жігіттердің далалық тұрмысқа ептілігін, пысықтығын, шапшаңдығын анықтайды. Келесі 50 шақырым жолдан соң түнгі қоналқыға түсіп, келесі күні азанда қайта жолға шығады. Осы кезеңге дейін алыс жүрісте атының күшін сақтап, зорықтырып алмайын деп өздерін тежеп келген қатысушылар соңғы мәреге 15 шақырым қалғанда тізгін босатып, шауып келуі шарт. Осылайша «Салт атты жолаушы» бәйгесі сәтімен өтіп, жоғардағы аталған шарттарды қапысыз орындаған ақжолтай жолаушы жеңімпаз анықталды. Қатысушылардың үштен біріне жүлде тағайындалған. Мәреге бірінші жеткен жолаушыға 20 мың юаьн (бір миллион теңге - авт.) сыйақы табысталды», - деп хабарлайды kazakh.cctv.com сайты.

null 

Моңғолиядағы қазақ ұшқышы- kaznews.mn

null 

Ұланбатырда тұратын ұшқыш Әуез Таштуанұлы дүниежүзіндегі ең ірі ұшақтардың бірін басқарады, деп жазады KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған дереккөздің мәліметінше, Моңғолияда авиация саласына еңбек сіңірген онға жуық қазақ бар. Олардың төртеуі - бір әулеттен шыққан. Таштуан әулетінен шыққан төрт ұшқыштың бірі- 33 жылдық тәжірибесі бар 55 жастағы Әуез Таштуанұлы. MIAT Mongolian Airlines компаниясының ұшқышы, экипаж командирі Әуез Таштуанұлы Омбы азаматтық авиациялық ұшу-техникалық колледжін, Кировоград жоғары ұшу академиясын тәмамдаған. 1985 жылдан бері Моңғолияның авиация саласында қызмет ете бастаған.

«Оқуды бітіріп елге келген соң АН-2 ұшағының екінші ұшқышы болдым. Одан кейін капитан атандым. Екі-үш жыл сол АН-2 ұшағын, одан кейін 2000 жылға дейін АН-24 ұшағын басқардым. 2000 жылдан бастап Франция, Германия, Италия бірігіп құрастырған Airbus 310 ұшағымен ұштым. 2010 жылдан бастап, MIAT Mongolian Airlines компаниясы Аirbus-тың орнына Boeing ұшақтарын сатып алып, ұшыра бастады. Boeing 767-300 деген ұшақ болды. Сол ұшақтың алғашқы экипажы болдым. Содан бері бүгінге дейін осы ұшақта ұшып келем. Boeing 767-300 ұшағы әлемдегі ең ірі ұшақтардың қатарына кіреді. Оған экипаж мүшелерін есептемегенде 278 адам сияды. Әуе көлігі 10-11 мың метр биікке көтеріліп, 13-14 сағат қонбай ұша алады», - дейді Әуез Таштуанұлы.

Ясауи университеті Нобель сыйлығының лауреатына құрметті профессор атағын берді - TRT

null 

Химиядан Нобель сыйлығының лауреаты Әзиз Санжар өзінің жетістіктерінде түрік әлемінің рөлінің үлкен екенін айтты, деп жазады Түркия Радио Теледидар мекемесінің порталы.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстандағы сапары аясында Түркістан қаласына барған Санжар осында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барған. Ясауи университеті Әзиз Санжарға құрметті профессор атағын берді. Санжар осында сөз сөйлеп, түрік әлемінің өзіне деген ықыласына риза болғанын, осы ықыласқа лайықты болуға тырысатынын айтты. «Түркиядан басқа түркі республикалары басқа елдердің билігінде болған кезде де олар менің жүрегімде болатын. Осы тұрғыдан түрік әлемі - мен үшін күш-қуат көзі, жетістіктерімде үлкен рөлі бар», - деді ол.

«Санжар түрік әлемінің бұрын ғылым ошағы болғанын, мұны Еуропаның да, Американың да қабылдайтынын, түрік әлемі тарихта 500 жыл ғылымда көшбасшы болғанын, артынан түрлі себептермен артта қалғанын айтты. «Нобель сыйлығы - өлшем емес. Бірақ бір ұлттың, мекеменің ғылыми табысын көрсетеді», - деді ол. Атақты ғалым жастарды ғылыммен айналысуға шақырды. Қожа Ахмет Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы профессор Мұса Йылдыз Нобель сыйлығын алған Санжардың Қазақстанға келгеніне қуанышты екендерін тілге тиек етті», - деп жазады ТРТ порталы.

Шыңжаңдағы туристік нысанға айналған ерекше тас жолдар - Тяньшаньнет порталы

null 

«Тяньшаньнет» ақпараттық порталында Шыңжаңдағы туристік нысанға айналған ерекше тас жолдар туралы фоторепортаж жарық көрді.

Туристердің қызғушылығын тудырған бұл жолдар жер түзілісінің күрделілігімен, көркем табиғат аясымен немесе құмды шөл қоршаған ортасымен және тау жоталарының үстіне салынған ерекше тас жол құрылыстарымен ерекшеленген. 

Майтау-Көрла тас жолы

null 

Тарым құм жолы

null 

Қом тас жолы

null 

Байырғы Үйсін қабыр тас жолы

null 

Сайрам-Кеңсай жоғары жылдамдықтағы автожолы

null 

Қарақұрым тас жолы

null 

Құлжа - Мұңғұлкүре тас жолы 

Соңғы жаңалықтар