Қытайда жүріп тіл тазалығы мен тағдыры үшін жанын салған тұлға

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың kztcxw.cc сайтында жазушы Серік Қауымбайұлының белгілі тіл маманы, білікті аудармашы Кәкеш Қайыржанұлы туралы жазған «Заңғар аудармашы, көрнекті тіл ғалымы» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазАқпарат осы қытайлық БАҚ-та жарық көрген қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер тұлғаның шығармашылық белестеріне шолу жасаған, әділ бағасын берген өзекті мақаланы  оқырманға ұсынады.
null 

Кәкеш Қайыржанұлы (1941-2017) - Қытай қазақтары арасындағы танымал аудармашы, белгілі қаламгер. Оның «Калила мен Дина», «Джен Эйр», «Осы заманғы шетел жазушыларының әңгімелері», «Сакья Муни», «Құран хикаялары» (Қазақстан «Жалын» баспасы көшіріп басқан) және «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Қаһарман Мұқанұлымен бірге аударған), «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» (Әбділдабек Ақыштай, Шадыман Ахмет қатарлылармен бірлесіп аударған) сынды аудармалары жарық көрген. «Сөз сандық» атты қымбатты қазына 2010 жылы «Ұлттар» баспасынан қайта басылумен қатар, 2014-жылы Қазақстанның өнер баспасынан мемлекеттік бағдарлама аясында басылған. Кәкеш Қайыржанұлы Қытай қазағының терминология жұмысында қыруар жемісті еңбек етті. Ол география, логика, психология, метрология, астрономия, компьютерлік есептеу техникасы сияқты пәндердің атау - терминдерін қарауға қатысты әрі бұл іске сөз ұстар ретінде көп күш берді. Оның ғылыми мақалалары да өз алдына бір төбе. «Ғылыми - техникалық шығармалардың атауларын аудару жайында», «Шипагерлік баянның терминологиямыздағы маңызы туралы», «Төрт түлік туралы этникалық ұғымдар», «Аудармадағы ала - құлалықтар», «Синоним сөздердің аудармадағы рөлі», «Сөздік құрылысымызға үңілсек», «Телевизия тілі және оның аударма принциптері», «Ақпараттық әдеби тіл - ұлттық тіл мәдениетіміздің айнасы» секілді көптеген мақалалар жазған.

***

  Кәкеш Қайыржанұлы Қытайда өркен жайған қазақ  әдебиетіндегі, әсіресе қазақ тілін зерттеуде академиялық деңгейге дейін көтерілген аса көрнекті тұлғалардың бірі. Оның жарты ғасырға жуық өмірі тек ұлтымыз әдебиетінің керегесін қалай көтеру үшін ғана жұмсалды. Ең бастысы, ол әдебиеттің керегесін биіктетуде өзегі, жаны, түйіні қай жерде екенін дәп басып, дәл таба  білді. Ал, керегенің жаны оның көгі ғой. Сол көкті сөгіп алса, ендігі жерде ол кереге емес, әншейін бір бейберекет ирек-ирек ағаш ғана болып қалар еді. Міне, осы көкті әдебиеттің тілі деп білді. Тілі дұрыс болмаған немесе тілінде  ақау болған әдебиет шын мәніндегі әдебиет бола алмайды. Образды түрде айтқанда, ол баяғы бір шүлдір, иә болмаса сөзінің берекесі жоқ қырт, мыжғау адам құсап қалмақ. Міне, осы түйінді Кәкеш Қайыржанұлы тереңнен түсінді. Сонан да бүкіл әдеби ғұмырын тек қазақ тілінің тазалығы үшін, дәлдігі үшін, дұрыстығы үшін арнады. Сол тіл үшін күресті, сол тіл үшін тер төкті, сол тіл үшін күйінді болды, сол тіл үшін араз-ашты болды. Бірақ бұл осынау пәни дүниеде көп адамның басына нәсіп болмаған, бірен-саран адамдардың ғана басына жазылған, еш бүкпесі жоқ, таза да сүйкімді араз-аштылық еді. Ол айтылмыш дәстүрлі, қарабайыр ойлау жүйесі бойынша, тілдің арғы жағында тек әдебиет ғана жатыр деп ойлаған жоқ. Онан ары тереңнен, түпкі тегінен ойлады. Сол тілдің арғы жағында өзі жатқанын, ата-бабасының жатқанын, турасын айтқанда, бүкіл өзінің ұлты жатқанын білді. Тіл ұлттың жаны екенін тамырынан, шыңырау мағынасынан түсінді.

  Кәкеш Қайыржанұлы заңғар аудармашы еді. Ол қытай тілін де бір кісідей зерттеді. Сол тілдің ескі мағыналарына дейін қол созды. Сол тілдің ауқымы кең де, терең мағыналарын кілегейін шайқамай, бар мәнері мен маңызын төгіп-шашпай, тұп-тұнық, көркем де сұлу қалпымен өзінің тумыс, кіндігі байланған, өзі мәңгі сүйіп өткен қасиетті халқына жеткізді. Бұл тұрғыдан айтқанда, Кәкеш Қайыржанұлы тек өз ұлтының тілі үшін ғана шыжақ болып өткен жоқ, жасынан сусындаған әрі бар ғұмырын арнап үйренген, Қытай халқының тілі үшін де шыжақ болып өтті. Өйткені тіл тек бір ұлттың ғана емес, күллі Жер шарындағы барлық ұлттың қасиетті қазынасы екенін Кәкеш Қайыржанұлы сүйегінен, тау басынан, түп тамырынан жұбына жеткізе түсінді. Сонан да өзі араласқан қай тілдің болсын тазалығы мен тағдыры үшін жанын салды. Абайдың сөзімен айтқанда, ол «Атаның ұлы ғана болған жоқ, адамның ұлы бола білді». Ол аударған «Калила мен Дина», «Джен Эйр», «Құран хикаялары», «Ажал аузынан қайтқан адам», «Сакья Муни» қатарлы шығармалар өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері оқырмандардың қолынан түспейтін аса бағалы кітаптарға айналса, өзінің артынан ерген өрен аудармашылар үшін таптырмас үлгі, бағалы оқулық болды.

Неге бұлай?

Өйткені Кәкеш Қайыржанұлы аударманың ұлтымыз әдебиеті үшін неге керек  болатынын да тереңнен қаза түсінді. Ол аудармада мына екі ата ережені мықты ұстанды. Оның бірі, нені аудару керек? Енді бірі, қай дәрежеде аудару керек деген ұстаным. Шын мағынасынан алғанда, осы екі ата ереже аударманың бағыты мен сипатындағы ереже болатын. Алдыңғы ереже бойынша айтқанда, Кәкеш Қайыржанұлы аталмыш аудармашылар құсап қолына түскенді, көзіне көрінгенді аударған жоқ. Неше жүз шығарманы оқып, сараптап, соның ішіндегі өзінің туған әдебиетіне, қасиетті халқына керекті де зәру болып отырғандарын ғана аударды. Осының өзі оның туған әдебиетіне, қормал халқына деген аса зор жауапкершілігі еді. Ал, көп аудармашылар үшін, бір шығарманы аударам деп неше жүз шығарма оқу азаптың азабы ғой. Сонан да оларды біз жай аудармашылар дейміз. Алдына «жай» деген анықтауыш қосылған соң, оның аударған шығармасы да шығарма болып қарқ болмайды. Онан ешкім нәр алмайды. Оны ешкім іздеп оқымайды. Шын мағынасынан айтқанда, осының өзі әдебиетке, өзінің туған халқына деген түрі өзгерген бір түрлі «опасыздық» екенін түсінген кісі бар ма бұл күнде?

Ал, Кәкеш Қайыржанұлы бұл топтың маңын баспады. Ол өзінің туған әдебиетіне, сүйікті халқына асқан биік адамгершілікпен адал бола білді. Жауапты бола білді. Сонан да оның қаламынан саф алтын мен інжу-маржан төгілді. Ол бұл арада өзінің туған халқын сусындатар бұлақ қана болған жоқ, тұп-тұнық өзен болып арқырады. Арқырағанда бір жыл емес, он жыл емес, тұп-тура жарым ғасырға жуық арқырады. Мінеки, қазір сол өзеннің бойын сыңсыған ну орман жапты. Көкорай шалғынды дала көмкерді. Айтыңызшы, бір азамат үшін бұдан асқан мәртебе бар ма? Бұдан асқан бақыт пен байлық бар ма?

Ал, екінші ереже бойынша айтқанда Кәкеш Қайыржанұлы әрбір шығарманы аударуда, ақыл-ой тереңдігі жағынан болсын, тілдік дәлдігі мен байлығы жағынан болсын, иә, сыртқы бояуы мен сұлулығы жағынан болсын, еш мүлтік жіберген жоқ. Егер оның аудармасын образды түрде бір тұлпарға ұқсатар болсақ, ол құдды мінсе көлік, қысылса ақыл-ой, қуса жауына жететін, қашса шаңын ғана көрсетіп кететін, ежелгінің батырларының тұлпарына ұқсайды. Аударсаң осылай аудар,  мақтансаң осыған мақтан!

Кәкеш Қайыржанұлы мүнымен ғана тоқтап қалған жоқ. Ол өзінің жеткен биігіне тән үлкен кеңістік жасады. Замандастарына ақылшы, артқы буынға жетекші болды. Бұл тұрғыда ол тек өз қаламының ұшынан ғана ұшқын шашырап тұрсын деп ойлаған жоқ, қайта күллі қаламгерлердің барлығының қаламының ұшынан тегіс от шашыраса екен деп тіледі. Сонан да «аудармадағы ала-құлалықтар», «синоним сөздердің аудармадағы рөлі» қатарлы неше ондаған мақала жазып замандастарына, арттан ерген інілеріне бағыт, бағдар көрсетті.

  Міне, көрдіңіз бе, Кәкеш Қайыржанұлының осы еңбегі-ақ, бір азамат тұрғысынан бір басына жетіп асатын  еді. Бірақ, ол бұны қанағат тұтпады. Неше ондаған, тіпті өзі қолына қалам алған жарым ғасырға жуық уақыт бойында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей  жүріп, өзіне дейін жасалған сандаған қазақ сөздіктерінен табыла бермейтін, алты мыңнан астам сөзді қамтыған «Сөз сандық» атты әдемі сөздік жасады. Бұл сөздіктің ұлтымыз тарихында бұрынды-соңды жасалған сөздіктерден бөгенайы бөлек, мүлде орны мен рөлі басқа болып шықты. Оны мен «Сөз сандыққа сияпат» атты желілес мақаламда арнаулы тұрақтандыра айтқан болатынмын. Нақты дәлел үшін сол мақалалардың  бірінші бөлімінен үзінді оқиық.

Ал, енді біз «Сөз сандық» қармаған ағаның, бізге ұсыным берген мүскүсті даласына қарай ойыссақ, көзге ерекше жарқырап көрінер меруерттері мына бірнеше жақтан байқалады. «Сөз сандық» ең алдымен мүмкіндіктің барынша әлдекімдер ескірдіге жатқызып, тағы біреулер «түсініксіз» деген жалаға бүркеп, жылы жауып тастағысы келген тіл меруерттерін жарқырата тізген. Сонан соң, оның ішкі-сыртқы мәндерін, мағыналық бөлшектері мен сүйектік ым-ишараларын жүлгелей зерттеп, әр сөздің ұстайтын орны мен адам пендесінің рухына тіке байлаулы жатқан құпия реңктерін аша білген.

Осылайша қарағанда, «Сөз сандықта» рет-ретімен тізілген әр сөз өз-өз алдарына бір-бір сом алтындай болып, біздің көз алдымызда ғана жарқырап тұрған жоқ. Қайта ұлы табиғат қойнауындағы біз әліге бейнелеп беруге шарасыз қалып отырған әр қимыл, әр болмыс ыңғайының ауан аясын әлем тірлігінің бас себепшісі күндей нұрымен бүркеп, шар тартса да әлі күнге ат қойылмаған пендедей бұғып жатқан әр қимыл, әр болмысқа тірлік беріп, өлі ұйқыдан оятып, сонан соң, сол қимыл иелерін бізбен тоғыстырып жібергендей көрінеді. Онан ары қарай «Сөз сандық» оқулық сипатты сөздік. Мысалы, «Ақмамық» деген сөзді «астық тұқымдас өсімдік» деп түсіндіреді де онан ары қарай бұнымен тұқымдастар деп бидайық, бетегеден бастап жиырма нешесінің атын атайды. Ал, садақ оғының бір түрі «Алабілек» сөзін түсіндіріп келе жатып, мұнан басқа «көбе бұзар, әндіген» деп садақ оғының он алты түрін атайды.

Бұндай мысалдар «Сөз сандық» бойында аса көп. Егер «Сөз сандықты» жасаушы тек жұртқа сөздерді түсіндіруді ғана мақсат тұтқан болса, әр сөзді әр қалпы бойынша шешсе де жетіп асар еді. Бірақ, «Сөз сандықты» жасаушы сөздік жасаудағы дәстүрлі қағидадан аттап өтіп, оның оқулықтық сипатын да көрсете білген. Бұл әрине, оңай еңбек емес. Тағы бірі «Сөз сандықты» ақтарып отырып, өзіміз сөйлеп жүрген қазақ тілінің телегей-теңіз аңқасын көріп ерекше сүйінеміз. Осыншалықты мол сөзден өлеңнің қалыптық ерекшелігі ұйқасты таба алмай жүрген ақындарымызға жанымыз ашиды. «Сөз сандық»  «атырыну» деген сөздің 84, «астамсу» деген сөздің 95, «қайбырту» деген сөздің 109 мағыналасын қатарлап тізген. Әсілі, бұл «қайбырт» деген сөздің қолданымда тұрған күйі болатын. Нақтылы дәлелімен көрсетейік. «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген Қазақстанда басылған ең жаңа басылым он бес томдықта «қайбырт» деген бұл сөзді «жүрексіну, сескену» деп ғана шешеді де «Едіге» батыр жырынан:

«Қайбыртты қарт айтуға падишадан,

Көңілі ауа ма деп басқа жаққа» деген дәлел тартады. Ал, Кәкеш Қайыржанұлы бұл «қайбырту» деген сөзді қолданымдағы күйімен әкеледі де оның мағыналастарын былайша тізеді.

«Қайбырттау,  байсалдау, қорқу, шошу, күлтеңдеу, қорағыту, күрбіну, үрейлену, бығу, жасқану, қайбыру, қаймығу, сескену, ығыстау, ығысу, айбыну, тайқақтау, түршігу, айдыну,тайсану, тайсалу, тайқақсу, тайыну, тайсақтау, тайлығу, тайқау, тайқу, қайсаңдау, түйсігу, ығу, шіміркену, жүрексіну, қорғалау, қайсақтау, қорыншақтау, бипаңдау, үргелектеу, елеңіту, елеңдеу, қорттау, қорғалаңдау, қыбылжу, қорғаншақтау, қипаңдау, қипақтау, қорғалақтау, қобалжу, қылпылдау, қорыну, үрку, үдірею, үргелектеу, үрпию, жалтаңдау, сырдақсу, сырғақсу, бұйығу,  қаймаңдау, бөгелеңдеу, түйлігу, дағдару, сес алу, бой тарту,  секем алу, селт ету, жаны зәр түбіне кету,  жанын қоярға жер таппау, жаны қара бақайына кету, жаны қасам болу,  жаны мұрнының ұшына келу,  жаны түршігу,  жаны шошу, шыбын жаны шығып кете жаздау, шыбын жаны алқымына тығылу,  жан құты қалмау,  жүрегі тас төбесіне шығу, жүрегі зырқ ету, жүрегі аузына тығылу, жүрегі мұздай болу, жүрегі суылдау, жүрегі шайлығу, жүрегі үрку, жүрегі су ете қалу, әруейі (аруағы) ұшу, иманы түршігу, иманы қасым болу, иманы таяқтай болу, көзі алақандай болу, екі көзі шарасынан шығу, ит көрген ешкі көздену, төбе құйқасы шымырлау, торға түскен торғайдай болу, артынан пысу, пыштай (мыштай) болу, арқасы мұздап қоя беру, шошығаннан ес-ақылы қалмау, өңі бұзылу, түрі қашу, қуару, татару, үрейі ұшу, қос үрей болу, тәубесі есіне түсу, зәресі ұшу, зәресі зәр түбіне кету, зәресі қалмау, зәре-құты қалмау, жүрегі сулау». 

Міне, көрдіңіз бе, «сөздік» жасаудың басқа азабын былай қойғанда, тек осылайша тізімдік жасауға қанша қажыр, қанша қуат кетеді. Осыдан-ақ, «Сөз сандықты» жасаушының тек сөздік жасау үшін ғана сөздік жасап отырмағанын, қайта оның өзінің туған тіліне деген рухани еміренісі мен қормалдық көкей тестілігінің қаншалық деңгейде екенін көріп алу онша қиынға соқпайды. Тілімізде «қисынға қоңсы қонбайтын мағынасыз, жөнсіз» дегенді білдіретін «мантақсыз» деген сөз бар. «Сөз сандық» міне осы «мантықты»  «логика» деген сөздің орнына қойған (бұл сөзді Қазақстан да осылай қолдана бастады). Қандай тамаша?!   Ал, арабтар «мән, мағына» дегенді «мантиһи» дейді. Бұндай сөздер де «Сөз сандық» бойынан көптеп табылады. Бұл жерде айтар бір сөз бар, әрқандай тіл өзіне көршілес келген тілдерден сөз қабылдау арқылы өзін толықтайды. Бұл тұрғыда, бұл дүниеде сап таза тіл деген ұғым, мүлде, өмір сүрмейді. Әуел десеңіз, ата тіл ұғымына тізгін бергенде, арасына миллион жылдар салып, барлық тілдің түп тамырының бір болып шығуы да ғажап емес. Бұны қазірге дейін дүниеде өмір сүрген бес мың, кейде сегіз мыңға дейін саналып баратын тілдің сегіз үлкен топқа бөлінуі-ақ ым-ишаралайды. Егер сөзді осылай суыртпақтасақ, әрқандай тіл өзі қармаған бөтен сөзді қабылдамайды, қайта сіміріп әкетеді. Жұтып қояды. Ал, жұтылған нәрсенің қорытылмай қалмайтынын ескерген  жөн.

 Дүниежүзінде бөтен сөзді қалпын құртпай дыбыстайтын тіл жоқ. Өз тіліміздің тарихынан айтқанда да сондай. Оны бұл күндері «тілімізге ежелден сіңісіп кеткен» деген қуыршақ, жалған қағидамен арашаламақшы боламыз. «Бүгін» ежел болмайды деп бізге кім үйретті?!  Әуел десеңіз, осындағы «сіңісу» деген сөздің өзі дұрыс қолданылып тұрған жоқ. Анығына келгенде, ол сөздер ұзақ уақыт дыбысталу арқылы сіңісіп кеткен жоқ, қайта тіліміз оны әуел баста-ақ «ап» деп жұтып алған. Ал, ұзақ уақыт дыбысталу арқылы дегенге келсек, ол түркі тілдерінің ішкі жағындағы өзара төркіндестік қағида.  

Сонымен, сөзіміздің қорытындысы мынау: Кәкеш Қайыржанұлы жер бетіне аяғынан тік басқан күллі қазақтың ішіндегі аса көрнекті тіл ғалымдарының бірі. Тілі таза да шымыр, мүлтіксіз әрі сондай көркем де сұлу әдеби аудармашы. Амал не, ардагер асыл азамат дүниеден қайтты. Оның дүниеден қайтуы, ұлттық әдебиетіміз бен ұлттық тіліміз үшін орны толмас аса үлкен жоғалту болғаны, тым ұзамай-ақ біліне бастамақ. Ұлтымыз әдебиеті мен ұлттық тілімізге жаратылыс көпестікпен-ақ сыйлаған дарын иесінің орнын ендігі жерде дәл өзіндей болып ешкім де баса алмақ емес!  

Соңғы жаңалықтар