Қытайда жеке деректерді саудалады деген күдікпен 13 адам ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда 4 млн жеке деректі заңсыз сатқаны үшін он үш адам ұсталды, деп хабарлайды Синьхуа. 

Бұл іс Хэншуй қаласында тұратын Ван атты ер адамның 2016 жылдың соңында көптеген жағымсыз қоңырауларды алғаннан кейін қозғалған. Ол өзінің жеке деректерінің бөтен біреулердің қолында болғанынан күдіктенген. Биыл наурыз айында ол онлайн-әлеуметтік желіден азаматтардың жеке ақпараттарын саудалау үшін ашылған екі топты тауып алады. Ол дәлел ретінде 500 юаньге 40 мың жеке дерек сатып алып, бұл туралы полицияға хабарлайды.

Полиция Шицзянчжуан және Хэншуй қалаларынан екі күдіктіні анықтап, мамыр айының соңында ұстайды. Ары қарай тергеу барысында 11 адамнан тұратын топ құрықталады. Қаскүнемдердің қолына түскен он провинцияда тұратын тұрғындардың 4 млн жеке дерегі алынған.

Тергеу нәтижесіне сәйкес, екі күдікті бұрын бір компанияда жұмыс істеп, біреуі жұмыстан босағаннан кейін жеке ақпараттарды саудалаумен айналысқан. Олар деректерді жоғарыда аталған 11 күдіктіге сатқан, ал олар одан ары қарай басқа фирмаларға қайта сатып шыққан.

Қытайдың Қылмыстық кодексіне сәйкес, жеке ақпараттарды сату және алу бойынша айыпталған тұлғалар «аса ауыр жағдайда» жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жаңа сот түсіндірмесіне сай, «аса ауыр» жағдай деп өзара жазысқан 5000 хат-хабар, тұрғылықты мекенжайы туралы, денсаулығы мен азаматтардың транзакциялары жайлы деректерді беру немесе сату заңсыз алу болып саналады. Қазіргі таңда тергеу жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар