Қыркүйектен бастап 2, 5 және 7 сынып оқушылары жаңа оқулықпен білім алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Ағымдағы  жылдың қыркүйек айынан бастап 2, 5 және 7 сынып оқушылары жаңа оқулықпен білім алады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық комиссия жұмысының қорытындысын жария етуге рұқсат етіңіздер. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарихында комиссия мүшесі еш уақытта 13 адамнан асқан емес және бұл жұмыстардың барлығы жабық режімде жүргізіліп келді. Біз алғаш рет республикалық комисия мүшелерінің санын 40 адамға дейін көбейттік. Еліміздің барлық өңірлерінен мұғалімдер, сонымен бірге тәжірибелі ғалымдар мен депутаттар шақырылды. Олардың қатарында Бірғаным Әйтімова, Бекболат Тілеухан, Жамбыл Ахметбеков бар. Бұл адамдар республикалық комиссия жұмысына қатысты. Конкурсқа отандық және шетелдік 12 баспа қатысты», - деді ол.

Оның атап өтуінше, комиссия жұмысы толықтай камераға түсірілген.

«Егер пәндік комиссиялардың барлық мүшелерін алатын болсақ, онда олардың саны 140 адамнан асады. Мұндай жайт та бірінші рет болып отыр. Меніңше, жұмыс барынша ашық болды. Осы ретте 2, 5 және 7 сыныптарға арналған оқулықтарды іріктеу жұмыстарының қорытындысын жария етпекпіз», - деді вице-министр.

Оның дерегіне сәйкес, комиссиялардың қарауына мыңнан астам оқулық ұсынылған. Іріктеу барысында 240-ы қалдырылып, одан кейін оның 197-сі республикалық комиссия қарауына ұсынылған. Комиссия жұмысынан кейін 130 оқулықты пайдалануға кеңес берілген.

«Олар оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып мемлекеттік стандарттар мен бағдарламаларға толық сай әзірленген оқулықтар. Біз 1 жыл бойы 2, 5 және 7 сынып оқулықтарына сараптама жүргіздік», - деді Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық директоры Бейбітгүл Кәрімова.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа оқулықтар 2015 жылдың жаңа стандарттары негізінде әзірленген және мазмұны жағынан ескі оқулықтар біршама айырмашылығы бар.

Соңғы жаңалықтар