Қымбат Досжан «100 жаңа есім» туралы: Қарапайымдыларды іздеп, қарабайырлыққа ұрынып қалмайық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына кімдерді енгізу керек?» деген сауал әлі де көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатыр. Орталық коммуникациялар қызметінде күні кеше өткен пікірталастық отырыста «Қоғамдық келісім» РММ баспасөз қызметінің басшысы Қымбат Досжан тың жобаға жан-жақты маңыз беруді ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«100 жаңа есім» жобасына енуге кімдер лайық? Облыстардан қаншама өтініштер түсіп жатыр. Ұсыныстар арасында депуттардың да есімдері жүр. Оларға «қой» деп те немесе «нақты критерийден шықпау керек» деп тағы айта алмаймыз. 500 ота жасаған медицина саласының бір докторын алып қарасаңыз, облыс көлемінде белгілі ондай кісі 100 адамның бірі болуға лайықты. Ол мұғалім де болуы мүмкін. Бағдарламаның концепциясын өзіміз толық білмейміз. 100 адамды 1 жыл үшін бе, әлде 10 жыл үшін таңдап алуымыз керек пе? Үш баланы өртенген үйден алып шығу - ерлік. Бірақ, ертең телевизиялық сюжет жасай бастағанда-ақ ол бір ғана очерктің адамы болып шығуы мүмкін. Одан кейін ол адам туралы айтылмайды да, жазылмайды. Оны да ескеруіміз тиіс. Қарапайымдылардың арасынан іздеп жүріп, қарабайырлыққа ұрынып қалудан сақтануымыз керек секілді», - дейді Қымбат Досжан.

Пікірталасқа қатысқан Қымбат Досжан ел аумағынан тыс Қазақстанға еңбек сіңіріп жүрген азаматтарды ұмытпауды еске салды.

«Ең бастысы, Қазақстан Республикасының азаматы болу керек дейміз. Ал шетелде тұрса да Қазақстанға еңбегі сіңіп жатқан қазақтар бар шығар. Мұны да ескеру керек», - дейді спикер.

Қымбат Досжан ешқандай аймақшылдық, тамыр-таныстық, бұрынғы қатып қалған қасаң стереотиппен адамдарды таңдамауға шақырып, «100 жаңа есім» жобасының іріктеуші комиссиясына қоғамдық ұйымдардан көбірек адам тарту керектігін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар