Қылшық шыққан фаршқа қатысты супермаркет түсініктеме берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде малдың жүні аралас фарштың видеосы тарап жүр. Бейнебаянның авторы ол фаршты Степногорск қаласындағы «SMALL» супермаркетінен сатып алғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ақпанның 9-ы, «SMALL»-дан фарш алдық, манты істедік. Сол фарштан істеген кезде көрген жоқпын, жейтін кезде, міне, қылшықтар көрініп тұр ма? Малдың жүні, бұл - сиырдың тартылған еті. Мынаның іші -толған шаш. Стпеногорск қаласындағы «SMALL»-дан сатып алдық. Сұмдық! Үлкендер жеп алдық, балалар қайта жеген жоқ. Жаңа кішкене қалған бір фаршты қарасам, ішінде дәп-дәкөй шаш жүр ғой. Сондықтан «SMALL»-дан сиыр етінен тартылған етті мүлдем алмаңыздар», - дейді видеоның авторы. 

ҚазАқпарат тілшісі Степногорск қаласындағы «SMALL» супермаркетінің басшылығына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. «Скиф Трэйд» ЖШС солтүстік аймақ бойынша директоры Гүлнұр Батырханованың айтуынша, супермаркетте ет өнімдері сатылмайды. «Біз ет өнімдерін мүлдем сатпаймыз. Фарш та, ет те кассадан өтпейді. Біз өз орнымызды жалға алып отырмыз. Тура жанымызда етті сатады. Бірақ олардың бізге ешбір қатысы жоқ. Кассаларымыз салық органдарына қосылған. Сол арқылы тексеріп көрсеңіз де болады. Бізде ет өнімдері саудаланбайды. Оны мүлдем басқа кәсіпкерлер сатады. Мен олардың атын да айта аламын. Ол - жеке кәсіпкер «Сағынаева». Барлық сұрақтарды соған қою қажет», - деді Г.Батырханова.
null 

Ал жеке кәсіпкер Анар Сағынаеваның айтуынша, қылшық қосылған фаршқа қатысты ешкім арызданған жоқ. «Мен өзім «SMALL»-дан бір орынды жалға алып, ет сатумен айналысамын. Былайша айтқанда, субарендада отырамын. Анау видеоны мен де көрдім. Бірақ ондай етке қатысты ешкім арызданбады, түбіртегін көрсетіп, етті кері қайтарған адам да болған жоқ. Меніңше, бұның барлығы - бәсекелестердің қитұрқы әрекеті. Мен өзім 1998 жылдан бері ет сатумен айналысамын. Осы уақытқа дейін бірде-бір адам арызданған жоқ. Қазір қаладағы екі сауда орталығында орным бар. Бәсекелестер соны көре алмайды. Мені ығыстырып, орнымды тартып алғысы келеді. Мен оларды жақсы білемін. Бірақ кім екенін айтпай-ақ қояйын», - деді А.Сағынаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. 

Оның айтуынша, манты жасайтын адам фаршқа тұз, бұрыш және тағы басқа дәмдеуіштерді қосады. Сол кезде қылшықтар да, артық заттар да - бәрі-бәрі көрінеді. Оны мантыны пісірмей тұрып, анықтауға болады.

Соңғы жаңалықтар