Қылмыскер өзгенің саусақ ізін, оның қолын кесіп алғанда ғана пайдалана алады - ІІМ жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жылдары жеке куәліктің артқы жағындағы электронды чипке Қазақстан азаматының дактилоскоптық мәліметтері, яғни саусақ іздері де енгізіледі.

Аталған жұмысты кезең-кезеңімен жүргізу көзделген. Сөйтіп, бірнеше жылдан кейін барлық куәліктерді толығымен айырбастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігі көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайынов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында атап өткендей, осы уақытқа дейін жеке куәлік алған азаматтарға құжат мерзімі аяқталғанша жүре беруіне болады. Ал 2021 жылдан бастап барлық куәліктердің чиптарына дактилоскоптық мәліметтер енгізіледі.

«Бәрі әдеттегідей жүргізіледі. Жеке куәлік алатын адам Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тапсырыс береді. Бірақ бұрынғы процедуралармен бірге ол сенсорлық құрылғыларға саусағын басып, дактилоскоптық мәліметтерді қалдыратын болады. Бұдан бөлек, Қазақстанға келетін шетел азаматтары да виза алғанда осы іспетті деректерді тапсырады», - деді С.Саинов.

Оның айтуынша, бүгінде осы саладағы заңнамаға өзгерістермен толықтырулар енгізу мәселесі жан-жақты талқыланды. Жақын арада тиісті заң жобасын Үкіметтің қарауына енгізу көзделіп отыр. Жалпы, дактилоскоптық және геномдық тіркеу шараларына ел бюджетінен 24 млрд. теңге бөлінбекші.

«Негізі, бүгінде ондай жүйені дамыған мемлекеттердің басым бөлігі кеңінен қолданып келеді. Оның бір артықшылығы, адамның куәлігі болмаса да, саусақтың ізімен банктердің сондай-ақ, меморгандардың қызметін алуға болады», - дейді ол.

Осы орайда, журналистердің бірі қойған: «Ал қылмыскерлер адамның саусақ ізін қолданып, несие алып жүрмей ме?», - деген сұраққа: «Сіз шетелдік фильмдерді көп көрген шығарсыз. Бізде саусақ іздерінің электронды нұсқасы сақталады. Енді, осы уақытқа дейін дактокартаны пайдаланып, қылмыс жасады дегенді естіген емеспін. Әрбір адамның саусақ іздері өзгеше болып келеді. Оның 6-дан 200-ге дейін өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан оны банк операцияларын жасау үшін пайдалану мүмкін емес. Бұл жерде саусақтың өзі керек. Фильмдерде көрген шығарсыз, банкке өту үшін адамның қолын кесіп алады ғой (күлді)», - деп жауап берді департамент бастығы.

Арман Асқаров

Соңғы жаңалықтар